ТҮРКІСТАНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан қаласының дамуы мен жаңғыруы тек ірі инфрақұрылымдық жобалармен ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін қауіпсіздік пен қолайлы орта қалыптастыру ісімен де тығыз байланысты. Осы бағытта қала аумағындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында қараусыз қалған ғимараттар мен инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі тұрақты бақылауға алынуда.

Осы орайда, Түркістан қаласы аумағындағы қараусыз қалған ғимараттардың қазіргі жағдайы мен оларды ретке келтіру барысы бойынша лездемелік мәжіліс өтті. Жиынға қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы жетекшілік етті. Бұған дейін мемлекеттік құзырлы органдардың қатысуымен арнайы кеңес өткізіліп, жұмысшы топ құрылған болатын. Атқарылған зерделеу жұмыстарының нәтижесінде қала аумағында жалпы саны 70 қараусыз қалған нысан анықталған.

Аталған ғимараттардың 12-сі толығымен жойылып, қалған нысандар бойынша олардың иелерімен заң аясында ретке келтіру немесе бұзу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – қала келбетін жақсартумен қатар, тұрғындар үшін қауіпті жағдайлардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Қала әкімі орындалмай жатқан нысандардың қауіпсіздік деңгейіне ерекше назар аударып, барлық жұмыстарды 20 желтоқсанға дейін толық аяқтауды тапсырды. Әсіресе, балалар мен қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін факторларды жою – басты міндет ретінде белгіленді.

Сонымен қатар, мәжілісте қаланың түнгі қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға қатысты көше жарықтандыру мәселесі де кеңінен талқыланды. Қала аумағында жарықтандыруы жоқ деп анықталған 38 көшенің бүгінде 27-сінде тиісті жұмыстар толық аяқталған. Ал қалған 11 көшеде жарық орнату жұмыстары жалғасуда. Қала басшысы коммуналдық шаруашылық бөліміне бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, жарықтандыруды толық іске қосуды, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Белгіленген мерзімде орындалмаған жұмыстар үшін жауапты тұлғаларға қатаң шара қолданылатыны да ескертілді.

Жалпы алғанда, бұл шаралар Түркістан қаласын қауіпсіз, заманауи әрі өмір сүруге қолайлы қалаға айналдыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Қараусыз қалған ғимараттарды ретке келтіру мен көше жарықтандыруды жақсарту – қаланың жаңғыру үдерісіндегі маңызды басымдықтардың бірі. Мұндай нақты қадамдар арқылы Түркістанның сәулеттік келбеті ғана емес, тұрғындардың өмір сапасы да кезең-кезеңімен артып келеді.