Биыл Түркістан облысы әкімінің бастамасымен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағытында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Солардың бірі – жаңа ипподром кешеніне апарар жолдың құрылысы.
Жоспарға сәйкес, ұзындығы 1,3 шақырым болатын жолға екі қабатты сапалы асфальт төселіп, заманауи жарық шамдары орнатылды. Бұл тек жол қатынасын жақсартуға ғана емес, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда жолдың екі жағында аяқжол салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде жаяу жүргіншілер үшін қолайлы орта қалыптастырып, жаңа ипподром маңындағы қозғалыс инфрақұрылымын толық қамтитын кешенді шешім болмақ.Жалпы аумағы 99 гектарды қамтитын жаңа ипподром кешені Түркістан өңірінде ат спортының дамуына тың серпін бермек. Жоба аясында ұзындығы шамамен 4 шақырымдық бәйге жолы, 1500 орындық ашық трибуна, 120 орынға арналған жабық манеж, сондай-ақ 100 жылқыға арналған атқоралар мен кең көлемді жаттығу алаңдары қарастырылған.
Жоба тек ат спорты әуесқойлары үшін ғана емес, туристер мен қала қонақтары үшін де ерекше мәдени-спорттық орталыққа айналмақ. Мұнда спорттық жарыстармен қатар ұлттық ойындар мен этнотуризм бағытындағы іс-шараларды өткізуге мүмкіндік туады. Қазіргі таңда барлық құрылыс жұмыстары белгіленген жоспар мен мерзімге сай жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылым тарту, абаттандыру және көріктендіру бағытындағы жұмыстар да қатар атқарылып жатыр.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы ерекше бақылауда. Жоба толық іске қосылған соң, Түркістан қаласының әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде. Жаңа ипподром кешені аймақтың ғана емес, жалпы еліміздің ат спорты мен ұлттық мәдени мұрасының дамуына зор үлес қосатын бірегей нысан болмақ. Бұл – спортты, туризмді және дәстүрлі мәдениетті ұштастыратын заманауи жобалардың бірі ретінде Түркістанның беделін арттыра түседі.
