Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында «Жаншуақ» жобасы аясында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған инклюзивті оқу кабинеті пайдалануға берілді. Бұл – республика көлемінде музей-қорық жанынан ашылып отырған алғашқы инклюзивті оқу кабинеті ретінде әлеуметтік әрі мәдени тұрғыдан маңызды бастама болып отыр.
Аталған жоба музей-қорықтың көп жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан тарихи-танымдық және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарын жаңа деңгейге көтерді. Бүгінгі таңда «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы қала мектептерінің оқушыларына арналған түрлі үйірмелер мен танымдық сабақтарды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Ал «Жаншуақ» жобасы осы жұмыстардың аясын кеңейтіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың ұлттық тарихи-мәдени мұрамен жақын танысуына, рухани және зияткерлік дамуына жол ашып отыр.
Инклюзивті оқу кабинетінің ашылу салтанатына музей-қорық қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Іс-шара барысында музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев пен қалалық білім бөлімінің инклюзивті білім беру әдіскері Мөлдір Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, жобаның қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Құрметті қонақтар жаңа оқу кабинетінің лентасын қиып, балалардың білім мен шығармашылығын дамытуға арналған кеңістікті ресми түрде ашып берді.
Жобаның басты мақсаты – мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қоғаммен байланысын нығайту, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау. Инклюзивті кабинетте балалардың жас ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктері ескеріліп, арнайы әдістемелер мен қолайлы оқу ортасы қарастырылған.
«Жаншуақ» жобасына қала мектептерінің 3–8 сынып оқушылары ата-анасының келісімімен қатыса алады. Сабақтар жоба жетекшісі мен музей-қорықтың арнайы мамандарының қатысуымен, алдын ала бекітілген тақырыптық жоспар негізінде жүйелі түрде өткізіледі. Айына бір рет 2 академиялық сағат көлемінде теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылып, балалардың тарихқа, мәдениетке деген қызығушылығын арттыру көзделген.
Бұл бастама – музейдің тек тарихи мұра сақтаушы ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті өз мойнына алған маңызды мәдени-ағартушылық орталыққа айналып келе жатқанын көрсететін жарқын үлгі.

