ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ФУТБОЛ МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысында балалар футболын дамытуға бағытталған жаңа спорт орталығы – Бекзат Саттарханов атындағы футбол мектебі бой көтеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде футболды насихаттау, жаңа стадиондар салу және спорт алаңдарын жаңғырту арқылы балалар мен жасөспірімдерді салауатты өмірге баулу қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тапсырма аясында Түркістан облысында жеке инвесторлардың қолдауымен жаңа спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев салынып жатқан футбол мектебінің ғимаратында болып, жауаптыларға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол өз сөзінде Президент тапсырмасына сәйкес спортты насихаттау, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында оны дәріптеу – ұлт саулығының кепілі екенін айтты. Сонымен қатар соңғы жылдары облыста балалар спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды қадағалауды тапсырды. Ертай Алтаев бұл бастаманы қолға алған азаматтарға сәттілік тілеп, спортты дамыту бағытындағы жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында екенін жеткізді.

Жаңа орталық балалар футболын дамытуға, жергілікті іріктелген талантты футболшылардың үлкен аренаға шығып, өз қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік береді. Футбол мектебі болашақ кәсіби спортшыларды тәрбиелеуге, балалар мен жасөспірімдер арасында футболды кеңінен насихаттауға бағытталған.

Спорт кешенінің жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды және 3 гектар жерді қамтиды. Қазіргі таңда 68×120 метрлік ашық футбол алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, 200 орындық жатақхана мен 550 адамға арналған оқу ғимараты толық пайдалануға дайын. Алдағы кезеңде қосымша ашық алаңдар мен спорттық инфрақұрылым элементтерін салу жоспарланып отыр.

Бекзат Саттарханов атындағы футбол мектебі тек балалар спортын дамытуға ғана емес, сонымен қатар өңірдегі спорт инфрақұрылымын нығайтуға, жергілікті экономиканы дамытуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға да серпін береді. Жаңа орталық Түркістандағы спорттық және әлеуметтік жобалардың сапалы үлгісі ретінде өңірдің дамуына маңызды үлес қосатыны сөзсіз.