Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ірі әлеуметтік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын дәлелі – Түркістан қаласында салынып жатқан 80 төсек-орынға арналған заманауи ана мен бала орталығы. Бұл жоба өңірдің денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, демографиялық өсімі жоғары аймақ үшін стратегиялық маңызға ие нысан саналады.
Аталған перзентхананың құрылысы «Түркістан» әлеуметтік корпоративтік даму қорының тапсырысымен жүзеге асырылуда. Ал жобаның қаржылық қолдауын Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қоры көрсетіп отыр. Бұл – Түркістан өңірінің халықаралық деңгейдегі сенімді серіктестік орната алғанының айқын көрінісі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның салыну барысымен танысты. Аймақ басшысы ана мен бала денсаулығын қорғау – өңірлік саясаттағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, жауапты мекемелерге құрылыс сапасы мен мерзіміне ерекше мән беруді тапсырды.
«Ана мен бала денсаулығы – біздің басты назарымызда. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуы аса маңызды. Нысанның қасбеті Түркістан қаласының сәулеттік келбетіне сай болуы тиіс. Құрылысты сапалы аяқтап, тұрғындарға мерзімінде қолданысқа беруді тапсырамын», – деді облыс басшысы.
Жобаның жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Эристайл Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. 3,3 гектар аумақта орналасатын орталықтың жалпы ауданы 17 288 шаршы метрді құрайды. Бір және екі қабатты ғимарат төрт блоктан тұрады. Оның ішінде 30 орындық жүктілік патологиясы бөлімі және босанған аналардың денсаулығын бақылауға арналған 50 орындық бөлім қарастырылған.
Болашақ медициналық мекеме заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, ана мен балаға барынша қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталады. Бұл өз кезегінде өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттырып, күрделі босанулар мен жүктілік кезіндегі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік маңызы жоғары нысанның құрылысы 2025 жылы басталған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 109 жұмысшы мен 12 арнайы техника еңбек етуде. Жоспарға сәйкес, перзентхана 2026 жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек.

