Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халық өмірінің сапасын арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі — Түлкібас ауданындағы жол инфрақұрылымын жаңарту. Биыл аудан аумағында тозығы жеткен 21 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жергілікті тұрғындардың өтініштері мен қажеттіліктерін ескере отырып қолға алынған. Оның ішінде 18 көше “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы аясында, ал Түлкібас кентіндегі Шыңғысбеков, Көбей және Байсеріков көшелері облыстық бюджет есебінен толық жөндеуден өтуде. Аталған жобалар — мемлекеттік бағдарламалар мен өңірлік даму стратегиясының нақты нәтижесі. Жөндеу жұмыстары барысында сапаға айрықша мән берілуде. Ауыр жүк көліктері жиі жүретін Шыңғысбеков көшесінің астыңғы қабатына 15 см бетон төселіп, үстіне 6 см асфальт жабындысы салынуда. Бұл — жолдың ұзақмерзімділігін және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешім. Сонымен қатар, Көбей көшесінде жаңбыр суларын реттеу мақсатында арнайы науа (лоток) орнату жұмыстары жүргізіліп, Үстірт шағынауданындағы басты көшеге тұрғындар қауіпсіздігі үшін аяқжол (тротуар) салынуда. Бұл шаралар — жол қозғалысы мәдениетін жақсартуға, қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстардың бір бөлігі. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң аудан бойынша қанағаттанарлық деңгейдегі жол үлесі 86,6 пайыздан 89 пайызға дейін көтеріледі. Бұл көрсеткіш — өңірдің инфрақұрылымдық даму қарқынының және экономикалық өсімнің нақты дәлелі. Жолдардың сапалы болуы — жергілікті экономиканың тірегі. Тасымал жүйесінің жақсаруы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарыққа еркін жеткізілуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Жалпы, Түлкібас ауданындағы жол жөндеу жұмыстары — Түркістан облысының инфрақұрылымды жаңарту және әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету саясатының нақты көрінісі. Бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта да тұрақты даму мен өңір халқының өмір сапасын арттыруға қызмет етпек
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
