Түлкібас ауданыда Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров әлемдік деңгейдегі экологиялық-этнографиялық демалыс аймағын құруға бағытталған ауқымды жоба бойынша шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Жоба биылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Жобаның негізгі тұжырымдамасы – «Орталық Азияның жүрегі, әлемге ашылған терезе». Ол Түлкібасты тек ішкі туризмнің емес, сонымен қатар халықаралық мәдени-туристік орталыққа айналдыруды көздейді. Аудан табиғи келбеті бұзылмаған жазық далалары, көркем шатқалдары мен құнарлы алқаптарымен ерекшеленеді. Бұл өңірдің басты құндылығы – қазақтың көшпелі мәдениеті, киіз үй мәдениеті, атбегілік дәстүрі, ұлттық тағамдар, ат ойындары, халық әні мен күйі – бүгінде сақталып, әлемдік туристерді қызықтыруға дайын.
Жоба аясында Қазақстандағы алғашқы цифрлық мәдени-туризм платформасы іске қосылады. Экологиялық туризм, мәдени тәжірибе және сауықтыру демалысы үйлескен әлемдік деңгейдегі туристік дестинация қалыптасып, Түлкібас еліміздің жаңа мәдени-туризм брендіне айналмақ. Барлық құрылыс және жоспарлау жұмыстары халықаралық стандарттарға сай, экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті:
– Түлкібас – табиғаты көркем, мәдениеті терең, даму әлеуеті жоғары өңір. Бұл жоба арқылы табиғатты сақтай отырып, экономиканы дамытуға, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға және қазақтың көшпелі мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік аламыз. Ең бастысы – жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің ұзақ мерзімді дамуына серпін береді, – деді өңір басшысы.
Ауыл шаруашылығы, мәдениет, туризм және сауықтыру салаларын интеграциялау;
Жергілікті тұрғындарды оқыту және жұмыспен қамту;
Халық табысын арттыратын көпарналы экономикалық модель қалыптастыру;
Қонақүйлер, гастрономиялық нысандар, сауда-ойын-сауық кластері, гүл аңғары, шаңғы және шөптен сырғанау аймақтары, жұлдызды шатырлар, ипподром мен ұлттық ат ойындары кешендерін салу;
Ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын өндіретін шеберханалар мен шағын өндіріс орындарын ашу.
Мақсат – тұрақты даму және халық әл-ауқаты
Жобаның түпкі мақсаты – Түлкібасты экологиясы сақталған, экономикасы тұрақты, мәдениеті бай, халқының тұрмысы жоғары өңірге айналдыру. Нәтижесінде:
Өмір сапасы жақсарады;
Кәсіпкерлік белсенділік артады;
Жаңа жұмыс орындары мен инвестициялық мүмкіндіктер ашылады.
Бұл бастама өңірдің халықаралық деңгейдегі туристік бағытқа айналуына, мәдени мұра мен табиғи ресурстарды тиімді сақтауға, сондай-ақ тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға үлес қосады.

