ТҮЛЕБИ АУДАНЫ: ТАҒАЙНА АУЫЛЫНДА ЖАҢА ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК ПУНКТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Төлеби ауданына қарасты Тағайна ауылында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады. Бұл шара тұрғындардың денсаулығына көрсетілетін қамқорлықты арттыру, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам ретінде қабылданды.

Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында денсаулық сақтау саласын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әсіресе шалғай ауылдардағы тұрғындарға алғашқы медициналық көмекті жақындату мәселесі басты назарда екені айтылды. Тағайна ауылындағы жаңа нысан осы міндетті жүзеге асыруға нақты үлес қосатыны сөзсіз.

Жаңа медициналық пункттің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы және сапалы көрсету. Фельдшерлік-акушерлік пункт тәулігіне 12 адамды қабылдауға қабілетті. Сонымен қатар, нысанның іске қосылуы нәтижесінде 3 жаңа жұмыс орны құрылды, бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді.

Ғимарат заман талабына сай салынған және барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда науқастарға медициналық тексеру, алдын алу шаралары, емдік кеңестер, вакцинация және алғашқы көмек көрсетілетін барлық бөлімдер қарастырылған. Жобаның жалпы құны 62 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары «Нефтестроймонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан сапалы әрі уақытында жүргізілді.

Ауыл тұрғындары жаңа медициналық нысанның салынуына қолдау көрсетіп, әкімдік пен құрылысшыларға алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, жаңа ФАПтың ашылуы ауылда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға да септігін тигізеді.

Жаңа ФАПтың ашылуы Тағайна ауылындағы әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, денсаулық сақтау сапасын арттыру және ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы нақты қадам болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, әрі облыс тұрғындарының денсаулығына ерекше мән берілетіндігі және медициналық қызметтің сапасы одан әрі жақсартылатыны айқын. Аталған шара – өңірдің әлеуметтік дамуына қосылған маңызды үлес болып табылады.