Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде қаралып, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылған шаралар мен алдағы басымдықтар талқыланды. Өңір басшысы мемлекеттік гранттарды тиімді пайдаланып, білікті мамандарды даярлау және жастарды облыста ашылып жатқан өндіріс орындарына жұмысқа орналастырудың маңыздылығын атап өтті.
▪️Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орыновтың мәліметінше, қазіргі таңда облыста 50 колледж жұмыс істейді: 28 мемлекеттік және 22 жекеменшік. Колледждер ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету, туризм, техника мен технология, медицина, өнер және гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша мамандар даярлайды. 84 мамандық бойынша 46 747 студент білім алуда, оның 79 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды.
▪️2024-2025 оқу жылында 12 619 студент колледждерді тәмамдады. Түлектердің 81 пайызы жұмыспен қамтылып, жоспарланған көрсеткіш толық орындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға жоғары. Талдау нәтижелері техникалық, өндірістік және ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтар бойынша жұмыспен қамтылу деңгейі 90–100 пайыз аралығында екенін көрсетті. Ал қызмет көрсету, шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы мамандықтарда көрсеткіш орташа деңгейде қалып отыр. Кейбір медицина, қауіпсіздік және әкімшілік мамандықтары бойынша еңбек нарығындағы сұраныс төмен.
▪️Осыған байланысты 2026 жылға мемлекеттік білім беру тапсырысын әзірлеуде сұранысы төмен мамандықтарды қысқарту және инвестициялық жобалармен өңірдің нақты кадр қажеттілігін байланыстыру жоспарлануда. 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік грант бөлінді, оның 57 пайызы жұмысшы мамандықтарына бағытталған.
▪️Дуальды оқыту жүйесі де қарқынды дамуда: 692 кәсіпорынмен жасалған келісімдер аясында 36 колледжде 11 223 студент дуальды форматта білім алуда. Сонымен қатар, 12 колледж шетелдік оқу орындарымен 20 халықаралық меморандумға қол қойып, қос диплом беру, академиялық ұтқырлық және педагогтердің халықаралық тағылымдамасын жолға қойды. 2025 жылы 3 колледж халықаралық акредитациядан өтті.
▪️«WorldSkills Kazakhstan–2025» ұлттық чемпионатында Түркістан облысының құрамасы 39 құзыреттілік бойынша қатысып, 4 алтын, 6 күміс, 6 қола және 7 арнайы медальон иеленіп, командалық есепте республика бойынша үшінші орынға ие болды.
▪️2026 жылға арналған басымдықтар анықталды: студенттердің сабаққа қатысуын цифрлық форматта бақылау, мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірдің нақты кадр қажеттілігі мен инвестициялық жобаларға сәйкестендіру, сұранысы төмен мамандықтарды оңтайландыру және дуальды оқытуды ірі инвесторлармен бірлесіп кеңейту.
Бұл шаралар Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін заманауи талаптарға сай жетілдіріп, өңірдің экономикалық дамуына қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға бағытталған.

