Созақ ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи үлгідегі «Созақ» спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналып, ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шарамен тұспа-тұс келді. Ашылу рәсімі ауыл халқының спортқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, жергілікті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бір бөлігі болып отыр.
Ашылу рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков өз сөзінде спорт кешенінің жастар мен ауыл тұрғындарының дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті. Ол бұл нысанның жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спорттық белсенділікті арттыруға және ауылдық қауымдастықтарды біріктіруге зор үлес қосатынын жеткізді.
Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді. Сонымен қатар, бұл жобаның өңірдегі спорт инфрақұрылымын жетілдіру, кәсіби спортшыларды дайындау және ауылдық аймақтарды дамытуға қосатын үлесі ерекше екенін атап өтті.
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ғимараттың ішкі құрылымы мен қызмет көрсетілетін мүмкіндіктерімен танысты. Спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектарды құрап, ғимараттың көлемі 1356 шаршы метрді қамтиды. Екі қабатты нысанда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жаттығу залдары орналасқан. Сонымен қатар медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгіде қапталған, аумағы толық қоршалған.
Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік береді. Бұл нысан бұқаралық спортты дамытуға, денсаулықты нығайтуға, ауыл халқының белсенді өмір салтын қалыптастыруға және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге зор үлес қосады. Сонымен қатар, спорт кешенінің ашылуы жастарды әртүрлі спорт түрлерімен айналысуға ынталандырып, болашақта аймақтан кәсіби спортшылар шығуына мүмкіндік береді.
