СОЗАҚ АУДАНЫ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Созақ ауданы барып, Шолаққорған ауылдық округінде табиғи газбен жабдықтау желілерін іске қосу салтанатына қатысты. Бұл – аудан тарихындағы ерекше әрі көптен күткен оқиға. Себебі Созақ өңіріне табиғи газ алғаш рет беріліп отыр.

Салтанатты шарада облыс басшысы тұрғындарды маңызды тарихи кезеңмен құттықтап, бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттер аясында жүзеге асқанын атап өтті. Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасы Түркістан өңірінде жүйелі түрде орындалып келеді.

Бүгінде облыста газдандыру жұмыстары қарқынды. 2025 жылы 87 нысанның құрылысы қолға алынып, оның 45-і аяқталды. Нәтижесінде 70 мыңға жуық тұрғыны бар 41 елді мекен «көгілдір отынға» қосылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 606 елді мекен газбен қамтылып, 1,9 миллионнан астам адам табиғи газ игілігін пайдаланып отыр.

Созақтағы автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) бар магистральды газ құбыры – стратегиялық маңызы зор жоба. Бұған дейін облыстағы барлық аудан, қала газға қосылғанымен, тек Созақта бұл мәселе шешімін таппаған еді. Енді бұл түйткіл де өз шешімін тауып, аудан тұрғындары үшін жаңа кезең басталды.

Жобаның жалпы құны – 4,1 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсанында толық аяқталды. Қуаттылығы – 30 000 м³/сағат. Жоба толық іске қосылғанда Шолаққорған ауылдық округіндегі 4600 тұрғын үй табиғи газбен қамтылады. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және инвестиция тартуға серпін береді.

Салтанатты рәсім барысында ауылдағы тұрғын үйлердің бірінде газ жағу рәсімі өткізіліп, жоба ресми түрде іске қосылды. Аудан халқы аталған игі іске ұйытқы болған облыс, аудан басшылығына және QazaqGaz акционерлік қоғамына алғыстарын білдірді.

Айта кету керек, іске қосылған АГТС алдағы уақытта ауданның өзге де елді мекендерін газбен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл – Созақ өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық қадам.