СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЖҰМЫССЫЗ АЗАМАТТАРДЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ БОЙЫНША 4 ЖАҚТЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Созақ ауданы әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында маңызды әлеуметтік және еңбек нарығын дамытуға бағытталған 4 жақты серіктестік меморандумға қол қойылды. Құжатқа аудан әкімдігі, прокуратура органдары, «Мансап орталығы» және ірі жұмыс беруші – «KATKO» қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорны қатысты.

Меморандумға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма басшысы Нұрғали Асқанбеков, аудан прокуроры Ғалымжан Құдайқұл, Созақ аудандық «Мансап орталығы» филиалының директоры Абай Көбенов және «KATKO» компаниясының бас директоры Закария Эль Марзуки қол қойды. Сонымен қатар, іс-шараға арнайы қатысқан «Orano Mining» компаниясының аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийе серіктестіктің маңыздылығын атап, қолдау көрсеткенін жеткізді.

Меморандумның басты мақсаты – жергілікті тұрғындарды тұрақты және сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, еңбек нарығын дамыту және жұмыс беруші ірі кәсіпорындармен байланыстарды күшейту. Құжат вакансиялар туралы ақпарат алмасудың тұрақты тәртібін бекітіп, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тарту механизмін тиімді етуге бағытталған. Жұмыс беруші бос жұмыс орындары мен қажетті мамандықтар бойынша ақпаратты «Мансап орталығына» уақытылы жеткізіп, орталық ұсынылған сұраныстарға сәйкес жұмыссыздар қатарынан мамандарды анықтап, жолдама береді.

Түркістан облысы прокуратурасының басқарма басшысы Нұрғали Асқанбеков меморандумның еңбек нарығындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті. Әсіресе пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру және олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау құжаттың басты бағыттарының бірі болып табылады. Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов Созақ өңірінде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және жергілікті экономикалық белсенділікті арттыруға бұл ынтымақтастықтың маңызды екенін жеткізді.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта «KATKO» компаниясының қызметкерлерінің 70%-дан астамы Түркістан облысы мен Созақ ауданының тұрғындары болып табылады. Бұл көрсеткіш жергілікті кадрларды тартуға деген компанияның тұрақты ұмтылысын көрсетеді және аймақ экономикасына нақты үлес қосады. Жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру арқылы өңірде кәсіптік біліктілігі жоғары мамандар қалыптасып, ауылдық жерлердегі еңбек ресурстары тиімді пайдаланылады, өндірістік және қызмет көрсету салалары дамиды.

Меморандум аясында жүзеге асырылатын шаралар өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың табысын арттыруға және жұмыссыздықты азайтуға бағытталған стратегиялық қадам болып отыр. Сонымен қатар, жергілікті кадрлық әлеуеттің күшеюі Түркістан облысының индустриялық және аграрлық секторларының дамуына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және экономикалық өсімге серпін береді.

Осылайша, 4 жақты серіктестік меморандумы тек жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға ғана емес, облыс экономикасының тұрақты дамуына, кәсіпкерлік пен өндірістік салада жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ жергілікті кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады.