САУРАН ЭКОНОМИКАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ӨСУДЕ

Сауран ауданында экономиканы әртараптандыру және инвестициялық белсенділікті арттыру бағытында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың мәлімдеуінше, бүгінде өңірде өндірістік әлеуетті күшейтуге басымдық беріліп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың табысын арттыруға нақты қадамдар жасалуда.

Алты ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылып, 100-ге жуық шағын цех ашу жоспарланған. Нәтижесінде 1 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өткен жылы Шаға ауылдық округіндегі өндірістік аймақта 40 нысанның құрылысы аяқталып, оның 16 цехы іске қосылды. Соның арқасында 700 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

Қазіргі таңда Қарашық ауылында 14 цехтың құрылысы жүргізілуде. Жобаға салынған инвестиция көлемі 4,8 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін 10 цех толық іске қосылады деп жоспарлануда. Иассы ауылдық округінде 21 өндірістік цех салуға жер телімдері бөлініп, 6,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Қосмезгіл ауылында 10 өндірістік ғимарат салу көзделсе, оның үшеуінің құрылысы басталып кеткен.

Үшқайық ауылдық округінде жиһаз өндірісіне бағытталған 16 цехтың құрылысы жүріп жатыр. Ал Жүйнек ауылында 16 цехтың 12-сі аяқталып, өндірістік қызметті бастауға дайын. Еңбекші Дихан елді мекенінде 18 өндірістік нысан салынуда. Сонымен қатар, Оранғайда жиһаз өндірісіне арналған 8 ғимарат, ал Шорнақта құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс алаңдары құрылмақ.

Өнеркәсіп саласындағы маңызды жобалар «Тұран» арнайы экономикалық аймағында да іске асырылуда. Мұнда уран өндірісіне қажетті құбырлар шығаратын зауыт, бір реттік ыдыс өндіретін кәсіпорын, диеталық қоспалар мен дәрумендер дайындайтын өндіріс және металл өңдеу зауытының құрылысы басталған.

Шетелдік серіктестермен бірлескен жобалар да аудан экономикасына тың серпін беруде. Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінде «Euro Sandwich Panel» ЖШС сендвич панель мен металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысын қолға алды. Ал Түркия Республикасының «Occa Chair» компаниясы мен «Сейхун» ЖШС бірлесіп Жүйнек ауылында заманауи технология негізінде жиһаз өндіру цехын іске қосты.

Жалпы аудан көлемінде кәсіпкерлік саласында 83 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2 500 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Сауран ауданының жалпы өңірлік өнімі 147,3 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 124%-ға артты. Экономика құрылымында ауыл шаруашылығы – 72%, өнеркәсіп – 15%, құрылыс – 9%, сауда – 4% үлеске ие. Сонымен қатар, 2025 жылы аудан экономикасына 71,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 105,7%-ды құрады.

Туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Республикалық маңызы бар тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны 101 мың адамға жуықтап, өткен жылмен салыстырғанда 110%-ға артқан.

Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы екі жылда 13 елді мекенде ауыз су жүйесі жаңартылды. Бірқатар ауылдарда электр желілері қайта жаңғыртылып, магистральды және ішкі газ құбырлары тартылуда. Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда ауданның газбен қамту деңгейі 60%-ға жетеді. Ішкі жолдардың қанағаттанарлық үлесі бүгінде 74%-ды құрап отыр.