Сауран ауданы – Түркістан облысының экономикасы қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Соңғы жылдары мұнда өндіріс, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік сала қатар дамып, өңірдің жалпы экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай артты. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд теңгеге жетіп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артты. Бұл – нақты жобалар мен өндірістік әлеуеттің нәтижесі. Қазір Сауранда 85 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылып, 2400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылуда. Индустриалды аймақтарда құрылыс, жиһаз, тамақ өнімдері және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бағыттары дамып келеді. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше назар аударылған. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығына 125 млрд теңге инвестиция тартылды. Жаңбырлатып суару, заманауи жылыжайлар мен мал бордақылау алаңдары іске қосылуда.
Мәселен, «BNK Agro» және «Temir Ata» жобалары ет-сүт өнімдерін өңдеу арқылы ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етпек. Сауранда әлеуметтік бағыттағы жобалар да ерекше қарқын алған. Соның бірі – «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы». Бұл нысан ай сайын 100-ге жуық азаматқа әлеуметтік, медициналық және психологиялық көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, елді мекендерді ауыз сумен және газбен қамту жобалары да жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 33 елді мекеннің 32-сі таза ауыз сумен қамтылған, көгілдір отынмен қамту деңгейі 45,6%-ды құрайды. Сауран – тек ауыл шаруашылығы емес, өнеркәсіп пен әлеуметтік даму тең ұштасқан өңір. Мұнда экономикалық белсенділік артып, халықтың өмір сапасы жақсаруда. Жаңа өндіріс ошақтары, әлеуметтік нысандар және инфрақұрылымдық жобалар ауданның тұрақты дамуының кепілі болып отыр.
