Түркістан облысының Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округіндегі Мәшһүр Жүсіп елді мекенінде тұрғындарды көп жылдан бері толғандырған ауыз су мәселесі оң шешімін тапты. Бұл – ауыл халқы үшін аса маңызды әрі әлеуметтік мәні жоғары жаңалық.
Аудан әкімінің тұрғындармен тұрақты түрде өткізген кездесулерінде елді мекендегі су тапшылығы мәселесі бірнеше мәрте көтерілген болатын. Ауыл тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізу – күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін өзекті мәселе екенін атап өтіп, нақты ұсыныстарын жеткізген. Көтерілген мәселе назардан тыс қалмай, аудан әкімінің тікелей бақылауына алынды. Сала мамандарына нақты тапсырмалар беріліп, тиісті жобалық және техникалық жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылды.
2025 жылдың қараша айында елді мекен аумағындағы су қоймасында терең ұңғыма қазу бойынша мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру барысында геологиялық зерттеу, техникалық сараптама және қауіпсіздік талаптары толық сақталды. Нәтижесінде тереңдігі 705 метр болатын жаңа ауыз су ұңғымасы қазылып, барлық қажетті инженерлік желілерге қосылып, пайдалануға берілді.
Жаңа су көзі іске қосылғаннан кейін Мәшһүр Жүсіп елді мекеніндегі 6 көше мен 139 тұрғын үй сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл тек тұрмыстық қолайлылықты арттырып қана қоймай, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына да оң ықпал етуде. Енді ауыл тұрғындары ауыз суды тұрақты әрі үзіліссіз пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Аталған жоба – өңірде ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Түркістан облысында шалғай елді мекендерді сапалы ауыз сумен, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру – басым бағыттардың бірі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға негіз болмақ.

