Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданында инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыру арқылы өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында ауқымды шаралар жүргізілуде. Осы мақсатта аудан әкімі Мақсат Таңғатаров «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС мен Қытай Халық Республикасының CHONGQING JINJIAHANG CONSTRUCTION ENGINEERING CO., LTD компаниясының өкілдерімен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаның барысы мен оны дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Шаға ауылдық округінен 2,5 гектар жер телімі бөлініп, сэндвич-панельдер мен металл конструкцияларын өндіретін зауыт, сондай-ақ электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заманауи құрылғылар шығаратын өндіріс орны салынуда.
Электр қауіпсіздігіне арналған құрылғылар 7 жыл бойы эксперименттік сынақтан өтіп, жоғары сенімділігі мен қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкестігімен ерекшеленеді. Қазіргі уақытта бұл технология тек Қытайда ғана өндірілуде, ал алдағы уақытта Сауран ауданында өндіріліп, ішкі нарықпен қатар экспорттық әлеуеті артатын болады.
Жобаның негізгі мақсаты – құрылыс және өнеркәсіп салаларын сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету, импортты алмастыру, өндірістік қауіпсіздікті арттыру және өңірдің индустриялық әлеуетін нығайту. Жоба толық іске қосылған жағдайда 6,0 млрд теңге инвестиция тартылып, 65-70 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жобаның стратегиялық маңыздылығына тоқталып, электр қауіпсіздігіне арналған заманауи өнімдердің Сауранда шығарылуы – өңір үшін үлкен жетістік екенін атап өтті. Сондай-ақ әкімдік тарапынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылды.
Осы жоба Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және қауіпсіздікке бағытталған заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

