САУРАНДА 15 МЫҢ БАС МАЛҒА АРНАЛҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ САЛЫНУДА

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені соңғы жылдары қарқынды жаңғырып, инвестициялық әлеуеті артып келеді. Соның айқын дәлелі – Сауран ауданында іске асырыла бастаған мал шаруашылығы бағытындағы ірі жобалар. Бүгінде аудан аумағында 300-ге жуық заманауи мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып, ауқымды инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама өңірдің экономикасын әртараптандырудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы саналады. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ресми инвесторлармен кездесіп, Ескі Иқан ауылдық округінде салынып жатқан 15 мың бас ірі қараға арналған 30 бордақылау алаңының құрылысымен таныстырды. Бұл жоба – Сауранның ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталған кешенді жоспардың алғашқы кезеңі. Жобаға сәйкес алдағы уақытта осы аумақта 10 мың басқа арналған қосымша 20 қора салынады. Мұндай масштабты инфрақұрылым, ауданның өндірістік әлеуетін күшейтіп, ет экспортының көлемін арттырып, ет кластерін қалыптастыруға жол ашады.

Бүгінде ауданға қарасты 12 ауылдық округтен 185 гектар жер бөлініп, 2026–2027 жылдары 292 бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып отыр. Бұл – республика бойынша ең ірі мал шаруашылығы хабтарының біріне айналу мүмкіндігі. Жобаның басты ерекшелігі — инфрақұрылымды бір орталыққа шоғырландырып, агрологиялық қызметтерді кешенді түрде ұйымдастыру. Бұл модель әлемдік тәжірибеде өзін тиімді дәлелдеген, логистикалық шығындар азаяды, ветеринариялық бақылау сапасы күшейеді, жем-шөппен қамту жүйесі оңтайланады, кәсіпкерлер үшін тәуекелдер төмендейді, өнімнің стандарты мен сапасы жоғарылайды.

Мал бордақылау алаңдарының кластерлік жүйеде дамуы Сауран ауданын инвестиция үшін тартымды алаңға айналдырады. Инвесторлар үшін ұсынылатын артықшылықтар, инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген дайын жер телімдері, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері, өнім өткізу нарықтарының жақындығы (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан бағытындағы экспорт мүмкіндігі), жаңа жұмыс орындарының ашылуы арқылы тұрақты кадр ресурсы. Бұл жобалар іске асқанда аудан экономикасына жыл сайын миллиардтаған теңге көлемінде қосымша өнім қосылып, бюджет кірісі артады. Заманауи бордақылау алаңдарының салынуы тек ет өндірісімен шектелмейді. Ол төмендегі салалардың қатар дамуын қамтамасыз етеді, жем-шөп өндірісі, ветеринария, құрылыс және көлік, етті қайта өңдеу кәсіпорындары, экспорттық инфрақұрылым. Нәтижесінде Сауран ауданы агроөнеркәсіп саласының толыққанды орталығына айналып, Түркістан облысының экономикалық өсуіне жаңа серпін береді. Сауран ауданында 300-ге жуық мал бордақылау алаңының салынуы — өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бастама. Бұл жоба өңір экономикасын әртараптандырып, инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.