Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Бұл жоба өңірдің жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы ең ауқымды бастамалардың бірі болып табылады. Күн электр станциясының іске қосылуы облыстың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады. «Бүгін біз өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл экономикаға» көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану – өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 160 млрд теңге инвестиция құйылады және 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады», – деді әкім.
Жоба халықаралық және отандық серіктестердің қатысуымен іске асырылып, энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңыздылығын көрсетті. Бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 300 МВт-тық күн электр станциясының Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын айтты. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь жобаны екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, «China Energy Group» президенті Ни Чжэн жобаның ұлттық энергетика саласы үшін маңызы мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті. «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жобаның компанияның төмен көміртекті генерацияға көшу және заманауи энергия жүйесін дамыту стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті. «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.
Капсуланы салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.
Күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін облыста жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып, тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуға серпін береді. Сонымен қатар, жобаның іске асуы инвестиция тартуға, жаңа өндірістер ашуға қажетті энергия көзін молайтып, Түркістан облысының экономикалық дамуы мен халықаралық инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Бұл бастама өңірдің жасыл энергетикаға көшу жолындағы нақты қадамы болып, Түркістан облысын экологиялық таза энергия өндірісі мен тұрақты экономикалық өсімге бағыттайтын стратегиялық жоба ретінде ерекшеленеді.
