САРЫАҒАШ: ӨНДІРІСТІК ПАРК – ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА ҚАДАМЫ

Сарыағаш ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын күшейтіп, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өңір экономикасын әртараптандыру бағытын тұрақты түрде дамытып келеді. Соның айқын дәлелі – аудан орталығы маңында бастау алған “Өндірістік парк” құрылысы. Аталған жоба Сарыағаш қаласының кіре берісінде орналасып, жалпы 6,5 гектар аумақты қамтиды. Қазіргі уақытта нысан аумағында жер тегістеу және инфрақұрылымдық дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашатын маңызды қадам.ъ Аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, құрылыс алаңындағы жұмыстармен танысты. Ол жобаны тиімді әрі уақтылы жүзеге асыру бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы А. Әмірхановқа нақты тапсырмалар жүктеді. Әкімнің айтуынша, өндірістік аймақтарды дамыту – жергілікті экономиканы әртараптандырудың негізгі тетіктерінің бірі. «Өндірістік парк – тек кәсіпкерлерге арналған жаңа мүмкіндік емес, ол – ауданның экономикалық картасындағы маңызды инвестициялық аймаққа айналады. Мұнда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың әл-ауқаты артады», – деді аудан басшысы. “Өндірістік парк” жобасы бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Оның аясында түрлі бағыттағы өндіріс орындарын орналастыру, кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымы бар өндірістік алаң ұсыну, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық жүйелерді тарту көзделген. Бұл бастама шағын және орта бизнесті қолдауға, жергілікті өнім өндіру көлемін арттыруға және аудан экономикасын монотәуелділіктен арылтуға бағытталған. Нәтижесінде Сарыағаш ауданының инвестициялық тартымдылығы артып, кәсіпкерлік экожүйесі қалыптасады. Мұндай жобалар Мемлекет басшысының аймақтық экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа өндіріс ошақтарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр. Өндірістік парк іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы жақсара түспек. Сонымен қатар, бұл жоба көршілес өңірлермен экономикалық байланыстарды нығайтып, Сарыағаштың индустриялық және кәсіпкерлік орталық ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Сарыағаш – дамудың жаңа сатысында. “Өндірістік парк” – өңірдің экономикалық болашағына бағытталған нақты қадам.