САРЫАҒАШ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

Сарыағаш ауданында инфрақұрылым саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту және көлік қатынасын жақсарту – ауданның экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттырудың маңызды тетігі болып табылады. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Тегісшіл ауылдық округіндегі құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Тексеру барысында әкім құрылыс сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Қазіргі уақытта Тегісшіл ауылдық округіне қарасты Таскескен елді мекенінің Т.Омаралиев, Ақбосаға және Жетіқыр көшелерін ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жобаның іске асуы тұрғындардың өмір сапасын арттырып, тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. 2025 жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстарының 95 пайызы орындалып, жыл соңына дейін толық аяқталуы жоспарланып отыр. Мердігер – «FS Development Group» ЖШС, ал тапсырыс беруші – Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Қазіргі таңда насос станциясы мен су құбырлары тартылып, су құдықшалары орнатылған. Бұл жоба аяқталған соң, елді мекен тұрғындары таза ауыз суға толықтай қол жеткізеді. Сонымен қатар, аудан әкімі Тегісшіл елді мекеніндегі Ш.Ибрагимов көшесінде салынып жатқан 3 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолағының құрылысымен де танысты. Қазіргі таңда оның 2 шақырымына бордюр қойылып, ішіне шағал төсеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта асфальт жамылғысын төсеу жоспарланған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етіп, ауылдың келбетін жаңғыртады. Мердігер – «Bairkum company» ЖШС. Мұндай инфрақұрылымдық жобалар аудан экономикасының дамуына серпін беріп, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтады. Сапалы ауыз су мен заманауи жолдар – тұрғындардың әл-ауқатын арттырумен қатар, ауылдық жерлердің инвестициялық тартымдылығын да көтереді. Сарыағаш ауданының басшылығы осындай жобалар арқылы өңірдің тұрақты дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және ауылдық аймақтарды жаңғыртуға басымдық беріп отыр.