САРЫАҒАШ: ЖАҢА БУЫНДЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ – АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРКЕНДЕУІНІҢ КЕЗЕКТІ ҚАДАМЫ

Сарыағаш ауданы соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту мен экономикалық әлеуетті арттыру бағытында ауқымды жобаларды қолға алып келеді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта Сарыағаш қаласында бой көтеріп жатқан жаңа буынды дамыту орталығы — ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеу жолындағы маңызды бастамалардың бірі болып отыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев нысанның құрылыс барысымен арнайы танысып, жұмысшылармен және мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Әкім құрылыс сапасына, мерзімнің сақталуына және қауіпсіздік талаптарының орындалуына ерекше назар аударды. Ол жауапты тараптарға жобаны жобалық-сметалық құжаттамаға сай, уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Құрылыс жұмыстары «АША-А» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатыр. Ал жобаның тапсырыс берушісі – Түркістан облысының құрылыс басқармасы. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 32 жұмысшы мен 2 бірлік техника жұмылдырылған. Бірінші қабаттың монолитті бетон құю жұмыстары толық аяқталып, екінші қабаттың бағаналары мен көлденең тіректерін құю жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, арматура тоқылып, қалып орнату және қабырға қалау жұмыстары қатар атқарылуда. Жаңа буынды дамыту орталығы – заманауи талаптарға сай салынған, көпфункционалды әлеуметтік нысан болмақ. Мұнда аудан жастары үшін түрлі бағыттағы үйірмелер мен шығармашылық шеберханалар, ІТ және инновациялық зертханалар ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, спорттық және мәдени бағыттағы іс-шаралар өткізуге арналған залдар, демалыс және дамыту алаңдары қарастырылған. Бұл орталықтың салынуы – жастарға жаңа мүмкіндік, өңір экономикасына жаңа серпін береді. Құрылыс кезеңінің өзінде ондаған адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Ал нысан пайдалануға берілген соң, жаңа жұмыс орындары ашылып, қызмет көрсету саласының дамуына жол ашады. Бұл өз кезегінде ауданның ішкі экономикалық айналымын ұлғайтып, жергілікті кәсіпкерліктің белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, бұл жоба – аудан жастарының өмір сапасын арттыруға, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін ашуға бағытталған маңызды қадам. Мұнда білім мен мәдениетті ұштастыратын орта қалыптасады. Болашақта орталық аймақ жастарының басын қосып, білім, өнер және технологияның тоғысқан кеңістігіне айналмақ. Мұндай нысандардың бой көтеруі – мемлекет тарапынан өңірлердің теңгерімді дамуына жасалып жатқан қолдаудың нақты көрінісі. Сарыағаш ауданының заманауи келбеті қалыптасып, әлеуметтік инфрақұрылым жаңа деңгейге көтерілуде.