Сарыағаш ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму қарқыны жоғары өңірлердің біріне айналып келеді. Аудан көлемінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Соның бірі — Жібек жолы ауылдық округіндегі ауыз су жүйесін жаңарту және магистралдық желілерге қосу жұмыстары. Аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған елді мекендегі ауыз су құбырының құрылыс барысын аралап, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Ол жобаның сапасына ерекше назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау қажеттігін тапсырды. «Таза ауыз су – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық даму басымдығының алдыңғы қатарында», – деді аудан басшысы. «FS Development Group» ЖШС мердігерлік ететін жоба бойынша Жібек жолы елді мекенін Р-1 каналынан тартылатын магистралдық суағар жүйесіне қосу көзделген. Тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Жалпы 91 шақырымды қамтитын су құбырының құрылысы бүгінде 95 пайызға орындалған. Қазіргі уақытта магистралдық құбырға қосу және соңғы инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, су қоймасы салынып, қажетті резервуарлар мен қорғау пункті орнатылған. Бұл инфрақұрылымдық жүйе іске қосылған соң, Жібек жолы елді мекенінің барлық тұрғындары үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба – Сарыағаш ауданында инфрақұрылымды жаңарту және экономиканы әртараптандыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі. Ауыз су мәселесінің шешілуі ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік нысандардың да тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай инфрақұрылымдық жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, еңбек ресурстарының тұрақтылығын сақтауға, яғни жастардың ауылда қалып, жұмыс істеуіне әсер етеді. Мемлекет басшысының өңірлердегі әлеуметтік теңгерімді дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш ауданы бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жібек жолы елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің іске қосылуы – аудан тұрғындары үшін көптен күткен игілік. Бұл – тек инфрақұрылымдық жетістік емес, өңірдің тұрақты даму жолындағы маңызды әлеуметтік серпін.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
