Сарыағаш қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Халықтан түскен өтініштерге сәйкес, қала аумағында жалпы 13 балалар ойын және спорт алаңшасының құрылысы жоспарланған. Бұл жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыруына мүмкіндік жасауға бағытталған. Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысандарын аралап, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Әкім нысандардың сапасы мен құрылыс мерзімін қатаң бақылауды тапсырды. Бұған дейінгі аралау барысында айтылған сын-ескертпелер ескеріліп, құрылыс жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес және белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екені нақты көрсетілді. Қала әкімі А.Ешанқұлға нысандардың құрылыс сапасын үнемі бақылауда ұстау, жұмыстардың нормативтік талаптарға сай жүргізілуін қамтамасыз ету және пайдалануға берілуі жоспарланған нысандарды уақытында қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ, балалар ойын алаңшаларының аумағын санитарлық тұрғыдан таза ұстау және тұрғындарды нысандарды тиімді пайдалану бойынша ұйымдастыру міндеттелді.
Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан негізгі нысандар, Майлықожа көшесіндегі балалар спорт-ойын алаңшасы, Самал-3 мөлтек ауданындағы Сүткент көшесіндегі ойын алаңшасы, Телемұнара шағын ауданындағы Ақтөбе көшесіндегі балалар ойын алаңшасы, Қарқаралы көшесіндегі балалар спорт алаңы, Шәмші Гүлзары көшесіндегі балалар ойын алаңшасы, Созақ көшесіндегі кіші футбол алаңшасы.
Барлық алаңшалар заманауи үлгідегі, қауіпсіз жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Әр алаңшада сырғанақтар, әткеншектер, жаттығу құралдары, жарықтандыру жүйесі қарастырылған, бұл балалардың белсенді демалысына және дене шынықтыруға барлық жағдай жасайды. Бұл жобалардың экономикалық мәні де айтарлықтай. Құрылыс жұмыстары жергілікті жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп, аудан экономикасына қаржы айналымын қамтамасыз етеді. Мердігер мекемелер мен құрылыс саласының мамандары тартылғандықтан, жергілікті кәсіпкерлердің қызметі жанданады. Ал нысандар пайдалануға берілген соң, балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету саласы дамып, қосымша жұмыс орындары пайда болады. Сонымен қатар, аудан басшысы Ш.Қалдаяқов гүлзары бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерге кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарын бақылап, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөліміне қарасты «Сарыағаш қызмет» КММ-ге нақты тапсырмалар берді. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, қала инфрақұрылымын жаңартуға және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

