Сарыағаш ауданының спорт инфрақұрылымы тағы бір жаңа нысанмен толықты. Дербісек ауылдық округінде заманауи жабық спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Бұл жоба — өңірдегі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылған әлеуметтік маңызы жоғары нысан. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа спорт кешенінің пайдалануға берілуімен құттықтады.
– «Жаңа спорт кешені — бұл тек дене шынықтыру алаңы ғана емес, жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба. Осындай инфрақұрылым нысандарының көбеюі — ауданымыздың тұрақты дамуының көрсеткіші», — деді аудан басшысы өз сөзінде. Кешеннің құрылысы «Sport Arena Group» ЖШС-нің жеке инвестициясы есебінен жүргізілді. Жалпы аумағы — 1 гектар, ал жобаның құны 55 миллион теңгені құрайды. Бұл – мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмей, жеке сектордың әлеуметтік жобаларға белсенді араласуының айқын көрінісі. Жеке капиталдың тартылуы Сарыағаш ауданы экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікті ынталандыруға жол ашып отыр. Кешенде футзал, волейбол, күрес секілді спорт түрлерімен шұғылдануға арналған заманауи залдар бар. Нысан қажетті инженерлік жүйелермен, киім шешу және жуыну бөлмелерімен толық жабдықталған. Қазіргі таңда мұнда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, жастарды спортқа баулуға, жергілікті спорттық әлеуетті дамытуға, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға зор үлес қосады. Сарыағаш ауданы соңғы жылдары инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік сала бағыттарында айтарлықтай қарқынмен дамуда. Мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқасында өңірде жаңа нысандар бой көтеріп, халыққа қызмет көрсетудің сапасы артып келеді. «Sport Arena Group» секілді кәсіпкерлердің әлеуметтік жобаларға қатысуы — өңірдің инвестициялық климатының жақсарғанының айғағы. Мұндай жобалар аудан экономикасын спорт, қызмет көрсету және туризм бағыттарында әртараптандыруға нақты үлес қосуда. Жаңа спорт кешенінің ашылуы – тек әлеуметтік оқиға емес, бұл аймақтың даму стратегиясының маңызды бөлігі. Себебі салауатты ұлт – экономикалық тұрақтылықтың, әлеуметтік белсенділіктің және ұрпақ саулығының кепілі.

