Сарыағаш қаласы соңғы жылдары қарқынды даму үстінде. Әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар мен тұрғын үй құрылыстары өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтіп келеді. Осы бағытта «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында қала аумағында үш қабатты тұрғын үйлердің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Абдуллаев нысанның құрылыс барысын қадағалап, жұмыстардың сапасы мен мерзімін басты назарға алды. Ол мердігер мекемелерге тұрғын үйлердің аудан халқының игілігіне арналатынын ескере отырып, барлық талаптардың орындалуын және қауіпсіздік шараларының сақталуын тапсырды. Қазіргі таңда құрылыс алаңында инфрақұрылым мен кәріз жүйелерін жүргізу толық аяқталған. Тұрғын үйдің кіреберіс баспалдақтары құйылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанға 46 адам тартылып, құрылыс жұмыстары жоспарға сай қарқынмен жалғасуда. Ең маңыздысы — жоба кәсіпкерлердің қаржысы есебінен жүзеге асырылып отыр. Бұл — өңірге тартылған жеке инвестицияның нақты нәтижесі. Аудан басшысы сонымен қатар Ш.Қалдаяқов гүлзары бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарын да тексерді. Осы ретте ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты «Сарыағаш қызмет» КММ-на нақты тапсырмалар беріп, жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді міндеттеді. Тұрғын үй құрылысының қарқын алуы – өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі. Біріншіден, құрылыс саласы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың табыс деңгейі артады. Екіншіден, құрылыс материалдары мен инфрақұрылым қызметтеріне деген сұраныс көбейіп, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Мұндай жобалар жеке инвесторлардың өңірге деген сенімін арттырып, Сарыағашты экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті аймақтардың қатарына қосады. Қазіргі таңда Сарыағаш қаласының сәулеттік келбеті де айтарлықтай өзгеріп келеді. Жаңа тұрғын үйлер, инфрақұрылымдық нысандар мен әлеуметтік объектілердің салынуы – тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудың нақты қадамы. Аудан әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар алдағы уақытта Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне, халықтың өмір сапасының жақсаруына және өңірдің инвестициялық әлеуетінің артуына жол ашады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
