Сарыағаш ауданында инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда Сарыағаш қаласына қарасты Самал-3 шағын ауданын таза ауыз сумен қамту жобасы аясында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев нысанның құрылыс барысын бақылап, мердігер мен жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол өз сөзінде бұл жобаның тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудағы маңыздылығына тоқталып, жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін ерекше атап өтті.
– «Ауыз су – әрбір тұрғынның өмір сапасына тікелей әсер ететін негізгі әлеуметтік игілік. Сондықтан бұл жоба сапасыз орындалмауы тиіс. Тапсырыс беруші және мердігер мекемелер өзара тығыз байланыста болып, құрылыс процесін бақылауды күшейту қажет», – деді аудан әкімі. Қазіргі уақытта Самал-3 шағын ауданының Талғар көшесінде траншея қазу, диаметрі 110 мм ауыз су құбырын тарту және су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаның тапсырыс берушісі – ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, ал жұмысты орындаушы – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында басталып, белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Бұл жоба – Сарыағаш ауданында жүргізіліп жатқан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының маңызды бөлігі. Аудан әкімдігі халықтың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Инфрақұрылымның кеңеюі — жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа тұрғын үй құрылыстары мен әлеуметтік нысандардың салынуына жол ашады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының тұрақты өсуіне және инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. «Сарыағаш-Аман» ЖШС секілді жергілікті мердігер компаниялардың әлеуметтік жобаларға қатысуы – мемлекеттік және жеке сектордың тиімді әріптестігінің жарқын мысалы. Мұндай серіктестік инфрақұрылымдық жобалардың сапасын арттырып, жергілікті кәсіпорындардың әлеуетін күшейтеді. Соңғы жылдары аудан аумағында жеке инвестициялар есебінен мектептер, спорт кешендері, демалыс аймақтары мен инженерлік желілер салынуда. Бұл үрдіс Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруде. Самал-3 шағын ауданындағы ауыз су жүйесінің тартылуы – тұрғындар үшін көптен күткен игілікті іс. Жоба толық аяқталған соң, мыңдаған отбасы сапалы және үздіксіз ауыз суға қол жеткізеді. Бұл тек тұрмыс деңгейін жақсартып қана қоймай, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға, қоғамдық денсаулықты нығайтуға да сеп болмақ.
