Сарыағаш ауданында ауыз су инфрақұрылымын жаңғырту және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Бұл бастамалар – тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық міндеттердің бірі. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тікелей бақылауында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бірі – «Сарыағаш топтық су құбырын толықтыру үшін магистралды су таратқышын реконструкциялау, 1-кезек, 1-іске қосу кешені» жобасы. Бұл жоба аясында Сарыағаш қаласы мен оған қарасты ауылдық елді мекендер кезең-кезеңімен сапалы ауыз сумен қамтылмақ. Қазіргі таңда ұзындығы 1440 метр болатын жаңа су құбыры тартылып, ІІ кезек бойынша Р-1 каналынан су тазарту қондырғысы мен су сорғы станциясын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жобаның тапсырыс берушісі – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су комитеті болса, құрылыс жұмыстарын «Тараз Строй 2004» ЖШС жүргізуде. Сонымен қатар, аудан орталығының тұрғындарын толғандырған өзекті мәселенің бірі — Самал-3 шағынауданын ауыз сумен қамтамасыз ету де шешімін табуда. Мұнда жалпы ұзындығы 166 шақырымды қамтитын су жүйесінің құрылысы биыл тамыз айында басталған. Қазіргі таңда су қоймасының қазаншұңқырын қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалардың жүзеге асуы – тек инженерлік инфрақұрылымның дамуы ғана емес. Бұл – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру, жаңа тұрғын аудандардың қалыптасуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау деген сөз. Су ресурстарының жеткілікті әрі сапалы болуы – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің тұрақты дамуына әсер етеді. Әсіресе, шекара маңындағы Сарыағаш өңірінде су жүйесінің жақсаруы агроөнім өндірісін арттыруға, өнімнің сапасын жақсартуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді. Ауыз су желілерінің жаңғыруы – инвестициялық тартымдылықты арттырудағы да маңызды фактор. Себебі инфрақұрылымы толыққан өңірге инвесторлар мен кәсіпкерлер көбірек қызығушылық танытады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық түсімдерінің көбеюіне және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Сарыағаш ауданының әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан бұл жобалар – әлеуметтік әділдік пен өңірлік теңгерімді дамудың көрінісі. Инженерлік инфрақұрылымның нығаюы – тұрғындардың әл-ауқатының артуына және өңірдің экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін нақты қадам.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
