САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЖАҢА ЖОБАЛАРМЕН НЫҒАЮДА

Сайрам ауданы – инфрақұрылымы жүйелі дамыған, кәсіпкерлік саласында өзіндік жетістіктері бар және инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқан аймақтардың бірі. Соңғы жылдары аудан экономикасының тұрақты өсімі мен бизнестік белсенділіктің жоғарылауы нәтижесінде шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығы артып отыр. Ауданның экономикалық дамуында агроөнеркәсіп кешені мен өңдеу салалары негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Осы бағытта жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, халықты жұмыспен қамтуға және бюджет кірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 9 млрд теңге болатын ірі құс зауытының жобасы ұсынылды. Ирандық кәсіпкердің бастамасымен жүзеге асырылмақ өндіріс орнының құрылысы 2026–2028 жылдары жүргізіледі деп жоспарланған. Жоба іске қосылған жағдайда 180-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға мүмкіндік туады. Бұл бастама өңірдің агроөнеркәсіп және қайта өңдеу бағытындағы инвестициялық әлеуетін айқын көрсетеді. Сонымен қатар, ирандық инвесторлар тарапынан құрылыс саласына қатысты тағы бір жоба ұсынылды. “Тұран Бетон” компаниясымен бірлескен құрылыс бояуларын шығаратын зауыттың жобалық құны 350 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда заң талаптарына сәйкес тиісті рәсімдер жүргізіліп, жобаны іске асыру тетіктері қарастырылуда. Инвестиция тарту мен бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау – аудан дамуының негізгі басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Сайрам ауданында инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жер телімдерін бөлу және әкімшілік рәсімдерді оңайлату бағытында нақты шаралар қабылданған. Мемлекет басшысының инвестициялық саясатты жандандыру және инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Инвесторлармен тұрақты байланыс орнату, олардың ұсыныстарын дер кезінде қолдау, сондай-ақ жобаларды жүзеге асыруда әкімшілік кедергілерді азайту – аудан әкімдігінің басты назарында. Жалпы, Сайрам ауданының инвестициялық белсенділігі өңірдің экономикалық әлеуетінің артуына, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етуде. Келешекте іске асырылатын ірі жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға және тұрақты даму қарқынын сақтауға мүмкіндік береді