САЙРАМ АУДАНЫНДА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Түркістан облысы, Сайрам ауданында электр желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудандағы барлық елді мекендер электр қуатымен қамтылғанымен, қолданыстағы желілер мен бағаналардың 40%-ы тозған. Бұл өндірістің, ауыл шаруашылығы нысандарының, тұрмыстық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын тежеген негізгі факторлардың бірі болатын. Осы мәселені шешу мақсатында 2024–2025 жылдары аудан аумағында энергетикалық жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды құрылыс жұмыстары қолға алынды. Биыл Сайрам ауданында электрмен жабдықтау деңгейін арттыруға бағытталған 9 нысан бойынша жаңғырту жұмыстары толық немесе жартылай аяқталды. Атап айтқанда, Қарамұрт, Көлкент, Қарабұлақ, Низамабад, Қожақорған, Нұржанқорған елді мекендерінде және Қожақорғанның 34 гектар жаңа аумағында электр желілерінің құрылысы толық аяқталып, нәтижесінде 2663 тұрғын үй сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтылатын болды. Құрылыс барысында 37 жаңа трансформатор орнатылып, 117,8 шақырым электр желісі тартылды және 4160 бағана жаңадан қойылды. Бұл жаңғырту жұмыстары – тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, Сайрам ауданының экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам. Сапалы электр энергиясы шағын және орта бизнестің дамуына, өндірістік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне, ауыл шаруашылығында жылыжайлар, суару жүйелері мен қайта өңдеу кәсіпорындарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа желілер тұрғын үй құрылысының кеңеюіне, инфрақұрылымды дамытуға және ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді. Жаңартылған энергетикалық инфрақұрылым Сайрам ауданын ұзақ мерзімді перспективада экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті аймаққа айналдырады.