Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында республикада көш бастап келеді. Соның айқын дәлелі – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекелік іс-шарасында көрсетілді. Түркістан қаласында өткен бұл дәстүрлі фестивальде өңір диқандарының 300 тоннадан астам өнімін қамтитын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімдері мен «Ауыл аманаты» жобалары таныстырылды. Көрмеге қойылған табиғи өнімдер өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін толық көрсетті.
Мерекелік шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, аграрлық саланың өңір дамуына қосқан үлесін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Бүгінгі дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» – еңбек адамдарына құрмет көрсетуге арналған мереке. Күні кеше өткен ауыл әкімдерінің форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылды дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Ауыл шаруашылығы саласы айрықша маңызды. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облысымыз республикада ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемінің 13%-ын өндіреді. Биылғы жылдың 10 айында салада 1,1 трлн теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 183 млрд теңгеге немесе 21%-ға өсті», – деді.
Облыс басшысы сондай-ақ, мақта-тоқыма кластерін құру жобасының алғашқы кезеңі басталғанын жеткізді. Алдағы 5 жыл ішінде отандық толық циклді кәсіпорындарды құру арқылы экспортқа тәуелділікті азайту көзделуде. Бұл жобалар нәтижесінде мақта өнімділігі арттырылып, ауыл тұрғындары мен шаруалардың әлеуметтік әл-ауқаты жақсарады.
Мерекелік жиында облыс әкімі бір топ ауыл шаруашылығы саласының озат қызметкерлеріне ҚР Президентінің «Еңбек даңқы» ордені, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және облыс әкімінің дипломын табыс етті. Сондай-ақ бірқатар мамандар ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Статистикалық көрсеткіштер де айқын: биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға ұлғайған. Су үнемдеу технологиялары 114 мың гектар алқапқа енгізілді, ал мақта жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапқа егілді, өнімділік екі есеге артты. Өңірде құны 201 млрд теңге болатын 5 мақта-тоқыма жобасы іске асып, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құру жоспарланған. Жылыжайларда 150 мың тоннадан астам көкөніс жиналып, республикадағы үлесі 76%-ға жеткен.
Мал шаруашылығы мен ет экспорты бойынша да Түркістан облысы республикада жетекші орында. Экспортқа шығарылатын ірі қара малдың 80%-ы, қой етінің 75%-ы облыстың еншісінде. 10 айда 27,2 мың тонна ірі қара мал еті, 20 мың тонна қой еті экспортқа бағытталған. Ет кластерін дамыту аясында құны 48,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Саланы әртараптандыруға басымдық қайта өңдеу саласына беріліп, мақта, жүгері және ет бағыттары бойынша кластерлік жобалар қолға алынды. Бұл бағыт 2026 жылы өңірлік өнім көлемін қосымша 558 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар Жол картасына сәйкес 295,5 млрд теңгеге 78 жоба іске асырылмақ. Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд теңге, тамақ өндірісіне 31,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өнім экспорты 355,5 млн АҚШ долларына жеткен.
Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн 86,9 млрд теңгеге жетті. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 207 млрд теңгеге, нақты көлем индексі 105%-ға жетуі күтілуде. Осылайша, Отырар ауданы Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамытуда озат аудан ретінде республикада көш бастап келеді, өңір экономикасының өркендеуіне зор үлес қосып отыр.
