Отырар ауданы, Ш.Қалдаяқов ауылында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды жоба – заманауи жабық спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл нысан ауыл тұрғындары үшін тек спортпен айналысуға арналған орын ғана емес, сонымен қатар балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулықтарын нығайтуға және қоғамдағы белсенділікті арттыруға мүмкіндік беретін кешенді орталық болып саналады.
Кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихаттың және «AMANAT партиясы» аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жиында аудан басшысы кешеннің тек жастарға ғана емес, барлық тұрғындарға арналғанын атап, оның ауыл өмірін жаңғыртатын маңызды нысан екенін айтты.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өз сөзінде: «Қолжетімді спорт нысандары – ұлт саулығының кепілі. Мұндай кешендер ауыл жастарының спортпен жүйелі айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл – өңірдің дамуына жасалған нақты қадам. Алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар жалғасын табады», – деді. Бұл сөздер ауылдағы спорт инфрақұрылымын дамытуға жасалып жатқан нақты қадамдардың айқын көрінісі.
Іс-шара барысында аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Жамалханұлы ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту арқылы ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков ауыл спортына қолдау көрсету болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын айтып, ел игілігі жолындағы бастамалардың сәтті жүзеге асуына тілектестігін білдірді. Ауыл ақсақалы Әбсаттар Сатыбалдиев жаңа нысанның ашылуына атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, ақ батасын берді.
Жаңа кешеннің жалпы аумағы 1 474,6 шаршы метрді құрап, заманауи талаптарға сай жабдықталған. Ғимаратта әмбебап спорт залы, мамандандырылған жекпе-жек залдары, спорттық секциялар мен балаларға арналған оқу-жаттығу бөлмелері, футбол, бокс және күрес алаңдары орналастырылған. Бұл кешен ауыл жастарына спорттық шеберліктерін жетілдіруге, түрлі жарыстарға дайындалуға және денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, спорт кешенінің ашылуы ауыл өміріне серпін беріп, қоғамдағы белсенділікті арттырады және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Жалпы алғанда, Ш.Қалдаяқов ауылындағы жаңа спорт кешені Отырар ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудың айқын дәлелі болып табылады. Мұндай жобалар ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік теңдікті нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге және өңірдің тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырады. Бұл бастама ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер сыйлап, спорттық жетістіктерге жету жолындағы ынтасын арттыруға ерекше серпін береді.
