Ордабасы ауданында білім беру мен мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын көрінісі – Темірлан ауылында музыкалық бағыттағы жаңа «Өнер мектебі» нысанының пайдалануға берілуі. Жаңа мектептің ашылу салтанатына өңір басшылары мен қоғам өкілдері қатысып, оқушылар мен ұстаздарды құттықтады.
Жаңа өнер мектебі 1974 жылы салынған, апатты жағдайда тұрған ескі ғимараттың орнына тұрғызылды. Бұған дейін 400-ден астам бала тар бөлмелерде, ескірген жағдайдағы ғимаратта білім алып келген, ал 45 мұғалім өз жұмысын қиындықпен атқарған еді. Енді бұл мәселе толығымен шешіліп, заманауи стандарттарға сай ғимарат балалар мен педагогтарға барлық жағдайды қамтамасыз етуде.
Мектептің мүмкіндіктері кең әрі заманауи:
- 300 орындық оқу мекемесі;
- 150 орындық мәдени іс-шаралар залы;
- Кітапхана, топтық жаттығу бөлмелері;
- Ұлттық аспаптар, гитара, фортепиано сабақтарына арналған кабинеттер;
- Музыкалық аспаптар бөлмесі;
- Екінші қабатта дыбыс жазу студиясы, хор және музыкалық үйірмелер, сахна және сахналық жабдықтар қоймасы.
Бұл жаңа нысан ауданның рухани дамуына және жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға зор серпін береді. Балалар енді музыка мен хореографияны заманауи студияларда, кең әрі жарық кабинеттерде меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін еркін дамыта алады.
Құрылыстың қаржыландырылуы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған. 870 миллион теңгеден астам қаражат халық игілігіне бағытталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қайтарылған әрбір актив ел игілігіне жұмсалуы тиіс» деген ұстанымының нақты іске асуы болып отыр. Бұл тәжірибе еліміздегі заңсыз иемденілген активтерді әлеуметтік жобаларға бағыттаудың нақты үлгісі болып табылады. Түркістан облысында осы қор арқылы 30-ға жуық нысан мен жоба қаржыландырылуда, оның ішінде ауыз сумен қамтамасыз ету, медициналық және білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстары бар.
Темірландағы жаңа музыка мектебі – ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа таланттардың өсіп шығуына жол ашатын ерекше жоба. Бұл нысан арқылы жергілікті балалар шығармашылық қабілеттерін еркін дамыта отырып, музыкалық және көркемөнер бағытында білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Жалпы, Ордабасы ауданындағы осындай әлеуметтік және мәдени жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, ауылдың инфрақұрылымын жаңартуға, сондай-ақ жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған тұрақты жүйелі шаралардың айқын көрінісі болып отыр.
