Түркістан облысы Ордабасы ауданында мәдени-спорт саласын дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асырылды. Аудан аумағында жұмыс істеп келген «Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі» «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында орналасқан, жақында пайдалануға берілген Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы заманауи мәдени-спорт кешеніне көшіріліп, жаңаша форматта қызмет көрсете бастады.
Музейдің жаңа кешенге орналасуы – тек мәдени бастама ғана емес, сонымен қатар аудан экономикасын әртараптандыруға, туризм мен сервистік қызметтерді дамытуға бағытталған нақты қадам. Халықаралық маңызға ие автожол бойында орналасқан нысан жергілікті және транзиттік туристер ағынын арттыруға, шағын және орта бизнеске серпін беруге мүмкіндік туғызады.
Бүгінде музей ұжымының басты мақсаты – өскелең ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастырумен қатар, ұлттық спортты, отандық тұлғалардың өмір жолын дәріптеу арқылы өңірдің мәдени-туристік тартымдылығын арттыру. Осы мақсатта музейде аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған танымдық экскурсиялар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл өз кезегінде ішкі туризмнің дамуына және қосымша қызмет көрсету саласының жандануына ықпал етуде.
Жаңартылған музей экспозициясында қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы мен спорттағы теңдессіз жетістіктері кеңінен қамтылған. Тарихи құжаттар, сирек фотосуреттер мен құнды жәдігерлер келушілерге ұсынылып, музейдің танымдық құндылығын арттыра түскен.
Экспозицияның ерекше бөлігін Қажымұқан атамыздың Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға сыйға тартқан ұшағының макеті, 1938–1943 жылдары Отырар ауданы Ақтөбе ауылында тұрған үйінің үлгісі, сондай-ақ палуанның өзі тұрған киіз үйі құрайды. Бұл жәдігерлер тарихи кезеңнің тынысын сезінуге мүмкіндік беріп, келушілердің қызығушылығын арттырады.
Сонымен қатар музейде бұрын болмаған Ордабасы ауданы мен Түркістан өңірінің спорт тарихын қамтитын жаңа экспозициялар жасақталған. Бұл бастама ауданның спорт саласындағы жетістіктерін жүйелеп көрсетуге, жас спортшыларды қолдауға және спорттық имиджді нығайтуға бағытталған.
Жалпы алғанда, Қажымұқан атындағы спорт музейінің жаңа мәдени-спорт кешеніне көшуі Ордабасы ауданының мәдени инфрақұрылымын жаңғыртуға, туристік ағынды көбейтуге, сондай-ақ жергілікті экономиканың дамуына оң әсер ететін маңызды жоба болып отыр.

