Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Осы мақсатта Ордабасы ауданында болашақ аналар мен жаңа туған нәрестелерге сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсететін заманауи перинаталдық орталық құрылысын бастау қолға алынған.
Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларындағы тапсырмалар аясында жүзеге асырылуда. Жол картасында көрсетілген бұл бастама елімізде заманауи жабдықтармен қамтылған, білікті мамандар жұмыс істейтін перинаталдық орталықтар желісін қалыптастыруға бағытталған. Орталықтың ашылуы ана мен бала денсаулығын қорғау деңгейін арттыруға, күрделі акушерлік жағдайларда медициналық көмектің сапасын күшейтуге мүмкіндік береді.
Құрылыстың тапсырыс берушісі – «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Жобаны «ЦАПСК» ЖШС әзірлесе, құрылыс жұмыстарын «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС жүзеге асыруда. Нысанның сапалы әрі талапқа сай салынуын техникалық және авторлық қадағалау ұйымдары тұрақты бақылауда ұстамақ.
Жоспар бойынша перинаталдық орталық 2028 жылы пайдалануға беріледі. Ғимараттың жалпы ауданы 32 мың шаршы метрден асады, ал нысан 8 гектар аумақта бой көтермек. Жобаның жалпы құны 45,8 млрд теңгені құрайды. Бұл орталық тек Ордабасы ауданының тұрғындарына ғана емес, көршілес елді мекендердің тұрғындарына да жоғары деңгейдегі перинаталдық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер жұмыстары басталып, дайындық шаралары қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба Түркістан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, өңірдің медициналық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және денсаулық сақтау саласындағы заманауи стандарттарды енгізуге зор серпін береді.
Ордабасыдағы перинаталдық орталық облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып, өңірдің медицина саласын жаңа деңгейге көтереді.

