Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталық құрылысы басталды. Маңызды шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, нысанның капсуласын салу рәсімін өткізді және құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Облыс басшысы шара барысында ордабасылықтарды қуанышты сәтпен құттықтап, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жобаның экономикалық және әлеуметтік мәніне тоқталды.
– Бүгін Түркістан өңірінде тағы бір игі бастаманың куәсі болып тұрмыз. Тарихи Ордабасы жерінде жаңа медициналық нысанның құрылысы басталды. Бұл перинаталдық орталық Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жаңа нысан жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары деңгейдегі заманауи медициналық көмек көрсетіп, ана мен бала денсаулығын сақтау мен демографиялық көрсеткіштерді жақсартуға серпін береді, – деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа перинаталдық орталық экономикалық дамуға да тікелей әсер етеді. Жобаның мердігері – «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС. Перинаталдық орталық 200 орынға есептелген, ғимараттың жалпы ауданы 34 233,30 шаршы метр, құрылыс ауданы 12 009,73 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жүргізілетін жер телімінің жалпы көлемі 8 гектар.
Бұл жоба тек медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, жұмыс орындарын ашуға, жергілікті экономикаға инвестиция тартуға және құрылыс саласының дамуына ықпал етеді. Перинаталдық орталық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жоғары кәсіби мамандарды тартуды қажет етеді, бұл өңірдегі адам капиталын дамытуға қосымша серпін береді.
Жоба аяқталған соң, тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ, Темірлан ауылында сапалы медициналық көмек ала алады, бұл өңірдің экономикалық белсенділігін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіру арқылы демографиялық көрсеткіштердің тұрақты өсуіне үлес қосылады, бұл ұзақ мерзімді экономикалық даму үшін маңызды фактор болып табылады.
Жаңа перинаталдық орталық Түркістан облысының медициналық инфрақұрылымын жаңғырту стратегиясының маңызды бөлігі, ол өңірдің әлеуметтік-инвестициялық климатын нығайтып, тұрғындарға қолжетімді, сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

