МАҚТА ӨНДІРІСІН ТЕРЕҢ ӨҢДЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАСТАМА ТҮРКІСТАНДА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Түркістан облысында шитті мақтаны өсіруден бастап дайын киім өндірісіне дейінгі толық өндірістік циклді құрайтын ауқымды кластер құрылуда. Үкіметтің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында инвестициялық келісім жасалып, Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған тиісті қаулыға сәйкес жоба іске асырылмақ. Бұл бастама Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған.

Жобаның негізгі мақсаты – Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жерді қамтитын Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру. Мұнда 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады. Инвестор ретінде қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы қатысады. Жобаның бірінші кезеңіне 58 млрд теңгеден астам инвестиция тартылмақ, ал шетелдік инвестиция көлемі жалпы 200 млрд теңгеден асып отыр.

Кешенде бұрын соңды қолданылмаған заманауи технологиялар енгізіледі. Атап айтқанда, тамшылатып суарудың тиімді жүйесі бар 196 сорғы стансасы, 500 шақырымнан астам суару және тарату арналары, үш ірі сорғы кешені мен үш трансформаторлық қосалқы станса, тыңайтқыштарды интеграцияланған түрде беру жүйесі, сондай-ақ жоғары қуатты тракторлар, мақта жинау машиналары, бүріккіштер және арнайы ауылшаруашылық техникасы пайдаланылатын болады.

Сонымен қатар, кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдық шығаратын желі құрылып, импортқа тәуелділікті азайту көзделуде. Бұл мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар және дайын киім шығаратын толық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортқа шығарылады.

Жобаның іске асуы өңірде терең қайта өңдеудің үлесін арттырып, қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімдерін өндіруді кеңейтеді. Бұл отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттырады, сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға, логистика, техника жөндеу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге жаңа драйвер болады.

Анықтама ретінде айтар болсақ, Түркістан облысы Қазақстандағы мақта өсірудің дәстүрлі орталығы саналады. Биыл өңірде 144,5 мың гектарға дақыл егілді, оның ішінде 50 мың гектар тамшылатып суару арқылы суарылды. 2025 жылы орташа өнімділігі 29,6 ц/га болатын 428 мың тонна шитті мақта жиналды, бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Мұндай жетістік суды үнемдейтін озық технологияларды белсенді енгізу және дақыл өнімділігін арттыру нәтижесінде қол жеткізілді.

Түркістандағы бұл кластер – облыстың экономикалық дамуына және ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне зор серпін беретін ауқымды жоба, аймақты Орталық Азиядағы мақта өңдеудің ірі орталығына айналдыруға бағытталған стратегиялық бастама болып табылады.