МАҚТААРАЛ ЭКОНОМИКАСЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ

Соңғы жылдары Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім көрсетіп, өңірдегі ірі индустриялық орталықтардың біріне айналып келеді. Өнеркәсіп өндірісінің артуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы және жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы аудан экономикасын нығайтып, оның даму деңгейін жаңа сатыға көтерді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 21,9 пайызға өсті. Сонымен қатар өткен жылы аудан экономикасына 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 5,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Бұл көрсеткіштер Мақтааралда ірі жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып, жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындарының ашылып жатқанын айқын аңғартады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде инвестиция тарту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру және халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы міндеттер аясында Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен бірқатар ірі инвестициялық жобалар қолға алынды.

Атап айтқанда, өткен жылы «Агрогруз» ЖШС-нің бақша өнімдерін экспорттауға арналған логистикалық бекеті, «GOLDEN RICE» ЖШС-нің күріш өңдеу зауыты, сондай-ақ «BEGASH» ЖШС-нің пластик құбырлар өндіру жобасы іске қосылды. Ал биыл мақта тұқымы мен мақта майын өңдеу зауыттары, темірбетон және асфальт өндірістері, тігін фабрикасы, тоқыма цехы, күріш өңдеу және ет өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар жүзеге асырылуда.

Ауданда жалпы аумағы 28,2 гектарды құрайтын индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бұл аумаққа 5,16 млрд теңге инвестиция тартылып, инвесторлар үшін қосымша 2,14 гектар бос жер қарастырылған. Индустриалды аймақта жылына 65 мың тонна мақта талшығын өңдейтін «ZHANASSYL» ЖШС, асфальт және темірбетон өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, мақта өңдеу және асфальт зауыттары табысты жұмыс істеуде. Бұл өндіріс орындары жүздеген тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Сонымен қатар 2025–2026 жылдарға жоспарланған жобалар да қарқынды іске асырылуда. Олардың қатарында тағы бір асфальт зауытының құрылысы, пластик құбыр шығару, мақта тұқымын өңдеу және мақта талшығынан дайын өнім өндіретін цехтардың құрылысы бар. Аталған нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға берілмек.

Бұдан бөлек, Жамбыл ауылдық округі аумағында 100 гектар жер арнайы экономикалық аймақ ретінде белгіленген. Оның 50 гектары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік байланыстарды дамыту мақсатында «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығына берілді. Қалған аумақта жалпы құны 185,1 млрд теңгені құрайтын 7 ірі өндірістік жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жобалар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.