Түркістан облысында халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Соның жарқын дәлелі — Мақтаарал ауданындағы Фирдоуси елді мекенінде жүргізіліп жатқан әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысы. Бұл бастама — өңірдің әлеуметтік дамуы мен инвестициялық белсенділігінің нақты көрінісі. Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде 1 қабатты, әрқайсысы 2 пәтерлі 48 тұрғын үйдің құрылысы қарқынмен жүруде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Building Group-1» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 1,5 миллиард теңге, бұл қаражат мемлекет есебінен бөлініп, жеке кәсіпкердің қатысуымен жүзеге асырылуда. Құрылыс аяқталған соң мемлекет барлық тұрғын үйлерді сатып алып, оларды әлеуметтік осал топтар – көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және тұрғын үйге мұқтаж жандарға жалға бермек. Бұл жоба — тек әлеуметтік қамқорлық қадамы емес, сонымен қатар аймақ экономикасына қосылған маңызды инвестиция. Құрылыс саласы — жергілікті экономиканы жандандыратын негізгі драйверлердің бірі. Жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, құрылыс материалдары мен қызмет көрсету секторларына сұраныс артты.
Сонымен бірге, тұрғын үй құрылысына тартылған жеке инвестициялар мен мердігер компаниялардың белсенділігі Мақтаарал ауданындағы бизнес пен мемлекет серіктестігінің тиімді моделін қалыптастыруда. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық айналымды күшейтеді. Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қадағалады. Аудан басшысы нысан сапасы мен мерзімнің сақталуына ерекше тоқталып, жұмысшылардың еңбек жағдайына назар аударды. «Бұл жоба – ауданымыздағы әлеуметтік әлжуаз топтарға қолдау көрсетудің нақты көрінісі. Елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – біздің басты міндетіміз. Құрылыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы тиіс», – деді Бақыт Насырханұлы. Түркістан облысында соңғы жылдары әлеуметтік нысандардың құрылысы айтарлықтай жанданды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, тұрғын үймен қамту, инженерлік желілер тарту, жол мен ауыз су жүйелерін жаңарту бағыттарында ірі жобалар жүзеге асуда. Мақтаарал ауданындағы жаңа тұрғын үйлер осы саясаттың нақты нәтижесі болып табылады. Бұл тек әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға, кәсіпкерлік пен шағын бизнестің дамуына серпін береді.
