МАҚТААРАЛДАҒЫ ШҰҒЫЛА МЕН НҰРЛЫТАҢ АУЫЛДАРЫ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды дамыту, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде Мақтаарал ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары нақты нәтижелерін беріп жатыр.

Осы мақсатта Еңбекші ауылдық округіне қарасты Шұғыла ауылы мен Нұрлытаң ауылы ауылдарына табиғи газ берілді. Бұл – аудан тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты жаңалық. Аталған елді мекендер Мақтаарал ауданының 68 ауылдық елді мекенінің ішінде табиғи газға қосылған 66- және 67-ауылдар болып отыр.

Салтанатты рәсімге аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, ауданның тұрғын үй шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов, газ қызметін жеткізуші мекеме өкілдері, сондай-ақ төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қатысты. Ауыл тұрғындары жаңа инфрақұрылымның іске қосылуымен құттықталып, игі істі жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға алғыстарын білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков бұл жобаның ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырудағы маңызын атап өтті. Ол мемлекет тарапынан инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізіп, Еңбекші ауылдық округіндегі Т.Жайлыбаев елді мекені де алдағы уақытта табиғи газға қосылса, Мақтаарал ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылған ауданға айналатынын хабарлады.

Сонымен қатар салтанатты шара барысында газ қызметінің мамандары мен төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері ауыл тұрғындарына газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен нақты нұсқаулар жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар газ жабдықтарын дұрыс пайдалану, тұрмыстық қауіпсіздік шараларын сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кеңестер берді.

Айта кетерлік жайт, Мақтаарал ауданында табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді, және жаңа қосылған елді мекендер тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартып, қауіпсіз әрі үнемді отын көзіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.