КҮЛТӨБЕ – ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХИ КЕЛБЕТІН ЖАҢҒЫРТАТЫН ЖАҢА ТУРИСТІК НЫСАН

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті жиында өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды мәселе қаралды. Басқосуда Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени маңызы зор Күлтөбе қалашығы аумағын абаттандыру және оны заманауи туристік нысанға айналдыру жоспарлары талқыланды.

Жиынға жауапты басқармалардың өкілдері мен сала мамандары қатысып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Terek Hub» ЖШС-ның жоба менеджері Диана Ахметжанова баяндама жасады. Ол өз сөзінде Күлтөбе қалашығында жүзеге асырылуы жоспарланған жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталып, инфрақұрылымды жетілдіру, туристерге қолайлы орта қалыптастыру және тарихи келбетті сақтай отырып абаттандыру шаралары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.

Жобаның басты ерекшелігі – Күлтөбе қалашығының сан ғасырлық тарихын сақтай отырып, оны Түркістанның мәдени-туристік кеңістігіне үйлесімді енгізу. Қалашық ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, барлық жұмыстар ЮНЕСКО талаптары мен бақылауы аясында жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар қалашықтың аумағынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің барлық қырынан көрінуі – бұл орынды туристер үшін ерекше тартымды нысанға айналдыруға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға абаттандыру жұмыстарына ерекше мән беруді, жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Айта кету керек, Түркістан облысында тарихи мұраны сақтау мен туризмді дамыту – өңірдің ұзақмерзімді даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі. Күлтөбе қалашығын жаңғырту арқылы облыс басшылығы ұлттық тарихты дәріптеумен қатар, ішкі және халықаралық туризмді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға басымдық беріп отыр.

Алдағы уақытта Күлтөбе қалашығы Түркістанның таңдаулы туристік нысандарының біріне айналып, өңірдің мәдени бренді ретінде елге және әлемге кеңінен танылады деп күтілуде.