КЕНТАУ: МӘДЕНИЕТ ПЕН ЭКОНОМИКАНЫҢ ОРДАСЫНА АЙНАЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАЛА

Түркістан облысының даму динамикасы жыл сайын артып келеді. Өңірдің барлық аудан, қалаларында әлеуметтік және экономикалық маңызы жоғары нысандар бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Соның айқын дәлелі — Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында салынып жатқан мәдениет үйі мен ірі өндірістік жоба — «Kaz Real Meat» мал бордақылау кешені. Қарнақ ауылының тұрғындары көптен күткен мәдениет ошағының құрылысы бүгінде қарқын алған. Жалпы алаңы 0,7 гектарды құрайтын нысан 300 көрерменге арналған, екі қабатты заманауи үлгіде салынуда. Құрылыс жұмыстарын «РСУ-1» ЖШС мердігер компаниясы жүргізіп жатыр. Жобаға биыл 793 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда ғимараттың монолит құю және бетондау жұмыстары аяқталып, ішкі және сыртқы әрлеу, жарықтандыру жүйесін орнату кезеңіне өтті. Нысан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл – мемлекет тарапынан ауылдық жерлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жаңа мәдениет үйі жергілікті тұрғындардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Мұнда үйірмелер, мәдени шаралар және өнерпаздарға арналған алаңдар жұмыс істейтін болады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс нысанында болып, мердігерлермен кездесіп, сапа мен мерзім мәселесіне ерекше назар аударды. “Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Сондықтан бұл нысан халыққа ыңғайлы, заманауи әрі сапалы болуы тиіс”, – деді өңір басшысы. Қарнақтағы екінші ірі жоба – «Kaz Real Meat» мал бордақылау алаңы. 31 гектар аумаққа орналасқан бұл кәсіпорынның алғашқы кезеңінде 1500 бас ірі қара бордақылау көзделген. Екінші кезеңде өндіріс қуаты 5000 басқа дейін жеткізілмек. Жоба құны – 1 миллиард теңге. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 25 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл – ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты табыс көзі. Өндіріс ішкі нарықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті де арттырмақ. Кәсіпорынның өнімдері алдағы уақытта шетел нарығына жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл бастама облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, өңірге жаңа инвестициялар тартуға жол ашады. Қарнақ ауылының қолайлы табиғи жағдайы мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктері ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше қолайлы. Сапар барысында облыс әкіміне Қарнақ ауылында ашылуы жоспарланған шағын өндірістік парк жобасы таныстырылды. Бұл жоба ауыл кәсіпкерлерін біріктіріп, шағын және орта бизнесті дамытуға серпін бермек. Парк аумағында жергілікті шикізатты өңдеу, тұрмыстық өнімдер шығару және қолөнер бағыттарын дамыту қарастырылған. Өндірістік парк іске қосылған жағдайда, ондаған жаңа кәсіп ашылып, жүздеген ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Бұл – аймақтық экономикаға қосымша инвестиция тартудың және ауыл халқының табысын арттырудың нақты жолы.