Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында орналасқан «Мырза» шаруа қожалығы — жергілікті ауыл шаруашылығының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан табысты кәсіпорындардың бірі. 25 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан қожалық бүгінде тек өз аймағын ғана емес, еліміздің өзге өңірлерін де табиғи таза отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр. Аумағы 8 гектарды құрайтын жердің 6,5 гектары жеміс бағына айналған. Мұнда алма, шабдалы, өрік, жүзім, анар және жаңғақ сынды түрлі жеміс-жидек түрлері өсіріледі. Әр ағаш – көп жылдық тәжірибе мен еңбектің жемісі. Сонымен қатар шаруашылықта шырша талдары мен жеміс ағаштарының көшеттері де отырғызылған. Бұл бағытта шаруақожалық көшет өсіру ісін жолға қойып, өзге аймақтардағы шаруаларға да үлгі боларлықтай нәтиже көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мұнда өсірілген өнімдер Кентау және Түркістан қалаларында ғана емес, сонымен қатар Ақтөбе, Жезқазған, Астана сынды еліміздің бірнеше өңірлеріне жөнелтіледі. Бұл – қазақстандық өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын дәлелдейтін көрсеткіш. Шаруақожалық басшысы өндірісті әртараптандыру бағытында да тың қадамдар жасауда. Атап айтқанда, қожалық аумағында балық шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарына арналған демалыс аймағын құру жұмыстары қолға алынған. Бұл бастамалар тек ауыл шаруашылығын емес, өңірдің туризм әлеуетін арттыруға да ықпал етпек. Маусымдық науқан кезінде шаруақожалық жергілікті тұрғындарды уақытша жұмыспен қамтып, ауылдағы әлеуметтік тұрақтылыққа да өз үлесін қосып келеді. Бұл – ауыл кәсіпкерлігінің дамуы арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартудың нақты көрінісі. «Мырза» шаруақожалығы – ауыл еңбегінің қадірін, жердің берекесін айқындап тұрған кәсіп. Осындай іскер азаматтардың еңбегі арқасында Түркістан облысының аграрлық әлеуеті артып, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі күшейіп келеді. Жергілікті шаруалар еңбегі — ел экономикасының тірегі. Ал табиғи таза, сапалы отандық өнім — қазақстандық брендке айналып, ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
