КЕНТАУДА ТҰРҒЫН ҮЙ АУЛАЛАРЫ ЖАҢАРЫП, ҚАЛАНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысының елді мекендерінде тұрғындардың өмір сапасын арттыру, қалалардың келбетін жаңарту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын мысалының бірі – Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру мен жөндеу жұмыстарының белсенді жүруі. Қала әкімі Жандос Тасов Әл-Фараби көшесіндегі №55, 55а, 57, 59 және Абай даңғылындағы №10 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралап, жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жөндеу аясында аулаішілік жолдар, автотұрақтар және аяқжолдар жаңартылып, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылуда. Қазіргі таңда аулаларда асфальт жабындары толықтай жаңартылып, абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Бұл — тұрғындардың күнделікті тұрмыс жағдайын жақсартуға және қаланың инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам. 2025 жылы Кентау қаласы бойынша барлығы 7 көпқабатты тұрғын үй ауласын орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл бастама мемлекеттік бағдарламалар мен облыстық даму стратегиясына сай жүзеге асырылуда. Қала басшысы Жандос Қалмырзаұлы атқарылып жатқан істердің тұрғындар игілігі үшін екенін атап өтіп: “Қаланың әлеуметтік және тұрмыстық жағдайын жақсарту – біздің басты мақсатымыз. Тұрғын үй аулаларын абаттандыру, жолдарды жаңарту, демалыс аймақтарын көбейту сияқты жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады”, – деді. Кентау қаласында соңғы жылдары жол жөндеу, аулаларды абаттандыру, жарықтандыру және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту бағыттарында көптеген жобалар жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуына жаңа серпін беріп, тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға жол ашып отыр. Мұндай жобалардың жүзеге асуы инвестициялық климатты жақсартып, құрылыс және қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етуде. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпорындар мен жұмысшылардың еңбегіне сұраныс артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.