КЕНТАУДА САҚ МӘУЛЕНҚҰЛОВ АТЫНДАҒЫ ЖАҢА САЯ ЖОЛЫ АШЫЛЫП, ҚАЛАНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРДІ

Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, демалыс және қоғамдық кеңістіктерді көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның айқын дәлелі – Кентау қаласында жаңа сая жолдың ашылуы. Қала тұрғындары үшін ерекше маңызы бар бұл нысан ел есінде еңбегімен қалған кенші, қоғам қайраткері Сақ Мәуленқұловтың есімімен аталды. Сая жолдың салтанатты ашылу рәсіміне Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, кенші ардагерлер, Сақ Мәуленқұлұлының туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара барысында қала басшысы тұрғындарды қала күні мерекесімен құттықтап, Сақ Мәуленқұловтың өнегелі өмір жолы мен еңбегін ерекше атап өтті.“Ағамыздың есімі – жерлестері үшін әрдайым мақтаныш. Қаланың қалыптасуына аға буын өкілдері қосқан үлес ел жадында мәңгі сақталады. Бұл сая жолдың Сақ Мәуленқұлов атымен аталуы – өскелең ұрпаққа тағылымды өнеге”, – деді қала әкімі.Жаңа сая жол — қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жоба. Мұнда тұрғындардың таза ауада серуендеп, отбасымен демалуға барлық жағдай жасалған. Заманауи жарықтандыру жүйесі, көгалдандырылған аймақ, орындықтар мен жаяу жүргіншілерге арналған кең жолдар – бәрі де тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.Кентау қаласының бұрынғы әкімі, қоғам қайраткері Болат Жылқышиев, сондай-ақ кенші ардагерлер Исахан Жұмабайұлы мен Абибулла Куштаев сөз сөйлеп, Сақ Мәуленқұловтың кен өнеркәсібіне қосқан зор үлесін еске алды. Олар ел ағаларының есімін ұлықтау – қаланың рухани және мәдени дамуының айғағы екенін атап өтті.Бұл бастама тек бір саябақтың ашылуымен шектелмейді. Ол – Кентау қаласын жаңғырту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға бағытталған кешенді бағдарламалардың бір бөлігі. Соңғы жылдары Кентауда жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар жаңартылып, инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Қаланың жаңа келбеті мен тұрғындарға арналған жайлы орталар — облыс басшылығының өңірді өркендетуге бағытталған нақты іс-қимылының көрінісі.Түркістан облысы әкімдігінің стратегиялық даму жоспарына сәйкес, инфрақұрылымды жақсарту, экологиялық таза қоғамдық кеңістіктер құру және урбанистік даму бағытын ілгерілету — өңірдің басты басымдықтарының бірі. Кентауда ашылған жаңа сая жол — осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі болып отыр.