Кентау қаласында туризм саласын дамыту бағытында жаңа бастамалар қолға алынуда. Соның бірі – Хантағы ауылында бой көтеріп жатқан «KHANTAU» демалыс аймағы. Заманауи үлгіде салынатын бұл нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 400 миллион теңге, ал аумағы 13 гектарды құрайды. Жаңа демалыс орнының басты ерекшелігі – модульді капсулалармен жабдықталуы. Бұл – шетелдік туристік тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген инновациялық формат. Мұндай капсулалық құрылымдар экологиялық тазалығы, энергия үнемділігі және табиғатпен үйлесімділігімен ерекшеленеді. Туристерге табиғи ортада демалып, экотуризмнің артықшылықтарын сезінуге барлық жағдай жасалмақ. Жоба іске қосылған соң аймақтың туризм саласы жаңа серпін алады деп күтілуде. Өңірге келушілер саны бүгінде 16,6 пайызға артқан, бұл Кентаудың туристік тартымдылығының жылдан жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді. Демалыс аймағы іске қосылғаннан кейін өңірдің туристік инфрақұрылымы нығайып, сервистік қызмет сапасы жақсарады. Сонымен қатар, «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында жалпы көлемі 300 шаршы метр болатын жаңа визит-орталық салу көзделіп отыр. Ол жыл сайын 100 мыңнан астам туристі қабылдауға қауқарлы. Бұл орталық арқылы табиғат ескерткіштері мен экологиялық бағыттағы экскурсиялар жүйеленіп, өңірдің экотуризм әлеуеті арта түспек. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың айтуынша, туризм бағытындағы жаңа жобалар тек демалыс инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, өңір экономикасына да нақты үлес қосады. «Біздің мақсатымыз – Кентауды өндірістік қала ғана емес, демалыс пен туризмнің тартымды орталығына айналдыру. Бұл бағытта инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», – деді қала басшысы. Жаңа жобалар аясында жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен қосалқы қызмет түрлері дамиды. Сонымен қатар, аймақтың табиғи байлығын тиімді пайдалану арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен жасыл экономиканы ілгерілету де басты мақсаттардың бірі. Осылайша, Кентаудағы жаңа «KHANTAU» демалыс аймағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, экотуризмнің жаңа кезеңін бастап бермек.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
