Келес ауданы соңғы жылдары Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған өңірлердің біріне айналды. Құрылыс, білім, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында жүзеге асқан ірі жобалар — ауданның даму қарқыны мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы нақты нәтижелердің айғағы. Биылғы жылдың 9 айында Келес ауданында құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 12,4 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 180,5 пайызға артты. Ал тұрғын үй құрылысы бойынша жылдық жоспардың 107 пайыздан астамы орындалып, 21 705 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Абай ауылында 2 қабатты, 8 пәтерлі 22 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Бұл баспаналар алдағы жылы ел игілігіне тапсырылмақ. Сонымен қатар, Жүзімдік ауылдық округінде 149 орындық мәдениет үйі, ал Абай ауылында жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражай салынуда. Бұл нысандар 2026 жылға өтпелі жобалар қатарына енген. Денсаулық сақтау саласында да нақты қадамдар жасалуда. Бесқұбыр, 1-Мамыр, Көлтоған, Игілік, Достық және Атақоныс ауылдарында жаңа медициналық пункттердің құрылысы басталды. Бұл жобалар ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Білім беру саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Аудан аумағында алты елді мекенде жаңа мектеп салу жоспарланған. Бұдан бөлек, Абай мен Ғ.Мұратбаев ауылдарында 600 орындық, ал Біртілек ауылында 300 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бұл — білім беру сапасын арттыруға және оқушы орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды қадам. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу және бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірнеше ауылда спорт залдары мен ұлттық спорт түрлеріне арналған кешендер салынып жатыр. Мақташы ауылындағы ұлттық спорт кешені мен Ошақты ауылындағы ангар типті спорт залы — соның айғағы. Келес ауданында жеке инвестициялар мен мемлекеттік қаржының теңгерімді үлесі есебінен жаңа жобалар іске асуда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы салынған әлеуметтік нысандар — өңірдің инвестициялық тартымдылығының нақты көрінісі. Сонымен бірге, аудан басшылығы заңсыз құрылысқа жол бермеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Тоғыз нысан бойынша анықталған заң бұзушылықтарға тиісті шаралар қабылданып, құрылыс саласында сапа мен жауапкершілік мәдениеті нығайтылды. Бүгінде Келес ауданы — инвестициялық тұрақтылық, әлеуметтік өркендеу және экономикалық жауапкершілікті үйлестіре білген аймақтардың бірі. Аудандағы жаңа тұрғын үйлер, мектептер, мәдениет нысандары мен денсаулық сақтау мекемелері тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеріп қана қоймай, өңірдің инвестициялық және әлеуметтік тартымдылығын арттыруда.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
