КЕЛЕС АУДАНЫНДА 250 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Келес ауданының Абай ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында салынған жаңа спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жергілікті халықты жаңа заманауи спорт ордасының ашылуымен құттықтады.

– Бүгін Келес ауданында үлкен қуанышқа куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық спортты дамыту, халықтың денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осындай бағыттағы жобалар — елдің әлеуметтік дамуы мен экономикалық әртараптануының нақты көрінісі. Пайдалануға беріліп отырған спорттық-сауықтыру кешені жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беріп, ауданның әлеуметтік әлеуетін арттыруға жол ашады, – деді өңір басшысы. Жобалық құны 1,8 млрд теңгені құрайтын бұл кешеннің құрылыс жұмыстары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Ғимаратта 250 жанкүйерге арналған үлкен жарыс залы бар. Сонымен қатар волейбол, баскетбол, күрес, аралас жекпе-жек және бокс залдары қарастырылған. Кешенде тек жаттығу ғана емес, аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі жарыстарды да өткізуге толық мүмкіндік бар. Жаңа спорт кешені Келес өңіріндегі әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып қана қоймай, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, ауылдағы спорт мәдениетін көтеруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ауданның экономикалық белсенділігін арттырып, ауыл аймақтың дамуына серпін бермек. Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде өңірде 102 спорт нысанын салу жоспарланып, олардың 66-сы ел игілігіне берілді. Бұл тізімде ескек есу каналы, 5 спорт кешені, спорт алаңдары және футбол манеждері бар. Мұндай жобалар экономиканы әртараптандырудың тиімді құралы болып табылады. Себебі туризм, спорт және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы – ауылдық жерлерге инвестиция тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа қызмет көрсету салаларының қалыптасуына мүмкіндік береді. Келес ауданындағы жаңа спорт кешені – тек дене тәрбиесіне арналған нысан емес, ол ауыл халқының әлеуетін көтеретін, жастардың болашағына жол ашатын маңызды әлеуметтік жоба. Мұнда кәсіби спортшыларды дайындау ғана емес, жас буынды ел намысын қорғауға, салауатты өмірге баулу басты мақсат етілген. Облыс әкімдігі мен жергілікті билік өкілдері алдағы уақытта да спорт пен мәдениет инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобаларды жалғастыруды, жастарды қолдау мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды көздеп отыр.