Келес ауданы соңғы жылдары экономикалық әлеуетін арттыру мен инвестициялық тартымдылығын күшейту бағытында жүйелі қадамдар жасап келеді. Соның айғағы – Абай ауылында өндірістік парк құру жобасының басталуы. Бұл бастама өңірдің индустриялық-инновациялық даму стратегиясымен үндесіп, жаңа өндіріс орындарын қалыптастыруға жол ашпақ. Өндірістік паркке 10 гектар жер учаскесі бөлініп, Келес ауданы әкімдігі жанындағы жер бөлу комиссиясы оң қорытындысын берді. Қазірдің өзінде аумаққа жерге орналастыру және инженерлік дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев өндірістік аймақ құрылыс барысымен танысып, жобаның өңір экономикасына қосатын үлесіне ерекше тоқталды: «Абай ауылында өндірістік парк құру – ауданның экономикалық дамуына тың серпін береді. Бұл жобаны уақтылы жүзеге асыру, инфрақұрылымды дайындау және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау – негізгі міндеттердің бірі. Инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың әл-ауқаты артады», – деді ол. Қазіргі таңда ЖК «Керуен» аукцион арқылы 2 гектар жер учаскесін сатып алып, жер бедерін тегістеу жұмыстарын толық аяқтады. Бұл – аудан кәсіпкерлерінің жобаны жүзеге асыруға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Жалпы 20 гектар жерді аукцион арқылы сату көзделген. Оның ішінде 9 гектар жер 1 гектардан бөлініп, өндірістік ғимараттар салуға ниетті кәсіпкерлерге ұсынылады. Алғашқы жоспар бойынша бір кәсіпкер үш ғимарат, тағы екі кәсіпкер екі ғимараттан салуды көздеп отыр. Бұл жоба арқылы ауданға инвестиция тарту көлемі ұлғайып, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерінің өндіріс қуатын арттыруға, жаңа өнім түрлерін шығарып, ішкі нарықты сапалы отандық тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Келес ауданында іске асатын өндірістік парк тек экономикалық тиімділік әкеліп қана қоймай, инфрақұрылымның жаңаруына, инженерлік желілердің тартылуына, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер етпек.Бұл жоба толық жүзеге асқанда Абай ауылы Келестің индустриялық орталығына айналып, ауданның жалпы ішкі өнімі мен инвестициялық белсенділігі едәуір артады деп күтілуде. Келес ауданында қолға алынған өндірістік аймақ құрылысы – аймақтық экономиканы әртараптандыру мен тұрақты инвестициялық ортаны қалыптастырудағы маңызды қадам.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
