Түркістан облысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық маңызды бастамалардың бірі. Әсіресе, Келес ауданында елді мекендерді сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде ауданның 83 елді мекенінің 68-і жоғары сапалы электр желісіне қосылған. Ал қалған ауылдарда инфрақұрылымды жаңарту, жаңа желілер тарту және қуат көздерін тұрақтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Аудан аумағында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында 19,91 шақырымдық 10-0,4 кВ электр желілеріне және 7 трансформаторлық қондырғыға күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жобалардың нәтижесінде тозған желілер жаңарып, электр жүйесінің сенімділігі артады. Нәтижесінде энергия үзілістері азайып, тұрғындардың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсармақ. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округіндегі Лесбек батыр және Көгерту елді мекендері, Біртілек ауылдық округіндегі Ораз ата, Игілік және Қолтоған ауылдарында жаңа электр желілері тартылып, тұрғын үйлерді қосу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бұл ауылдарда заманауи трансформаторлар мен сапалы сымдар орнатылып, жарықтандыру жүйесі толық жаңартылады. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алпамыс батыр ауылдық округіндегі Ақжол және Қауыншы елді мекендерін сапалы электрмен қамтамасыз ету жобасы 2025 жылдың қаржы жоспарына енгізілді. Қазіргі таңда осы жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп жатыр. Ал Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Ақжар және Көкбұлақ ауылдарының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалу үстінде. Бұған қоса, Ошақты ауылдық округіндегі Саңырау мен Қоңыртөбе, Бірлік ауылдық округіндегі Үшағаш және Жүзімдік ауылдық округіндегі Ақсу елді мекендерін жарықпен қамту жобалары дайындалып, алдағы уақытта іске асырылмақ. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарына жайлы өмір сүруге жағдай жасап қана қоймай, кәсіпкерлік пен өндіріс орындарының дамуына да серпін береді. Себебі тұрақты және сапалы электрмен қамтылған аймақтарда жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар тиімді жұмыс істейді. Энергетикалық жүйелердің жаңаруы — Түркістан облысының инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, өңір экономикасының тұрақты өсіміне жол ашатын маңызды бағыттардың бірі. Келес ауданындағы осындай ауқымды жобалар халық игілігіне бағытталып, елді мекендердің даму қарқынын арттырып келеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
