КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖОЛ САПАСЫ 21%-ДАН 65%-ҒА ДЕЙІН ӨСТІ

Келес ауданы 2018 жылы Президент Жарлығымен қайта құрылып, өз алдына жеке аудан мәртебесін алды. Сол кезде елді мекендердегі ішкі жолдардың сапасы тұрғындардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмай, қанағаттанарлық деңгейде небәрі 21 пайызды ғана құраған еді. Осы көрсеткіш инфрақұрылымдық даму және тұрғындардың күнделікті қатынасына қатысты басты мәселелердің бірі болып тұрды.

Сол жылдан бері аудан әкімдігі жол саласына ерекше көңіл бөліп, жүйелі жұмыстар жүргізе бастады. 2019 жылы аудандағы 23 жол нысаны жөнделіп, олардың сапасы жақсарды. 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 16 жол, жергілікті бюджет есебінен тағы 16 жол жаңартылды. 2021 жылы бағдарлама аясында 2 жол, ал жергілікті қаржыға 6 жол жөнделді. 2022 жылы тағы 7 жол, 2023 жылы 9 жол, 2024 жылы 15 жол жөндеуден өтті. 2025 жылы 21 жол нысанының жөндеуі жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

2019–2025 жылдар аралығында жалпы 115 көше мен жол нысаны жөнделді, бұл аудандағы инфрақұрылымның сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Келес ауданының ішкі жолдарының қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 21 пайыздан 65 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіш тек сандық өсім ғана емес, тұрғындардың күнделікті қатынасы жеңілдеді, ауылдық және қала елді мекендері арасындағы байланысты жақсартты.

Жол жөндеу жұмыстары тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, тауар айналымын және логистикалық мүмкіндіктерді дамытуға тікелей әсер етеді. Жөнделген жолдар арқылы тұрғындар сауда, білім және медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыра алады, бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсімге серпін береді.

Аудан басшылығы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп келеді. Жоспарланған және атқарылған инфрақұрылымдық жобалар Келес ауданының дамуының айқын көрсеткіші болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосып отыр.